Astana Hub экожүйесінің қатысушысы Defect AI Стэнфорд университеті StartX акселерациялық бағдарламасының 2026 жылғы көктемгі легіне өтті. Бұл бағдарлама – Кремний алқабындағы бәсекеге қабілетті жобалардың бірі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания медициналық ұйымдарға құжаттаманы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары мен клиникалық хаттамаларына сәйкес жүргізуге көмектесетін интеллектуалды платформаны жасады. Жүйе жазбаларды бірнеше секунд ішінде талдайды және қолмен тексеру уақытын 95%-ға дейін қысқартады, бұл дәрігерлерге қағазбастылықтан арылып, науқастарға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Платформаның басты мақсаты – клиникаларды қолданыстағы стандарттар мен нормативтік талаптар туралы хабардар ету. Нәтижесінде медициналық құжаттама сапасы жақсарып, медициналық көмек көрсету деңгейі артады.
Қазіргі таңда платформа ондаған миллион медициналық жазбаларды тексерді. Өнімді Қазақстандағы 30-дан астам клиника қолданады, оның ішінде ірі желілер де бар. Defect AI ISO 27001 стандарты бойынша сертификатталған және HIPAA талаптарына сәйкес келеді.
Команда әлемдік үздік тәжірибелерді пайдаланып, платформаға ақылды іздеу функциясын енгізді: дәрігер бірнеше секунд ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми құжаттары бойынша емдеу әдістемесін толық көре алады, бұрынғыдай көп беттік нормативтік актілерді оқудың қажеті жоқ. Бұл шешімге OpenEvidence платформасы шабыт берген – Defect AI командасы оның негізін қалаушысымен Стэнфордта кездескен.
Халықаралық нарықта жоба Rette брендімен дамып келеді, қазақша "реттеу" деген сөзден алынған, яғни "тәртіпке келтіру". Қазақстандағы тәжірибе командаға денсаулық сақтау жүйесінің ішкі жұмысын терең түсінуге мүмкіндік берді. Алайда АҚШ нарығы мүлде басқа: бұл әлемдегі ең үлкен медициналық жүйе – жылдық көлемі шамамен 5 трлн доллар, ал медициналық сақтандыру ұйымдарының саны Қазақстанмен салыстырғанда мың есе көп. 2025 жылдың соңында компания алғашқы инвестициялық раундты жапты. Қазір команда платформаны АҚШ нарығына бейімдеп, алғашқы америкалық клиенттерді тіркеп жатыр. Келесі инвестициялық раундты 2026 жылғы көктемнің ортасына жоспарлап отыр.
Команданың негізгі бөлігі Қазақстанда орналасқан. Сонымен қатар АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Германияда қызмет ететін мамандар бар. Командада Meta, Google және Microsoft компанияларында тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді. Стэнфорд университетімен орнатылған байланыстар арқылы компания үздік профессорлармен тұрақты кеңесіп отырады.
StartX арқылы команда Advisory Board құрды, оған практик дәрігерлер, денсаулық сақтау саласындағы инвесторлар, сәтті стартап негізін қалаушылар және медициналық жобаларды енгізу тәжірибесі бар техник мамандар кірді.