Отандық өндірушілер Ресейден бақылаусыз кіретін қантқа шектеу қоюды сұрады

1740

Импортқа тәуелділік 50 пайыздан асады.

Отандық өндірушілер Ресейден бақылаусыз кіретін қантқа шектеу қоюды сұрады Фото: gov.kz

"Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы" ЗТБ президенті Айжан Наурызғалиева Ресейден бақылаусыз кіріп жатқан қантқа тосқауыл қоюды сұрады. Оның сөзінше, отандық зауыттар қантты сата алмай отыр. Себебі Ресей қанты еліміздің нарығына кедергісіз түсуде, деп жазады inbusiness.kz "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Қазір қант зауыттары шығарған өнім сол күйі қоймаларда тұр. Себебі Қазақстан шығаратын қанттың өзіндік құны – 440 теңге, ал Ресейден келетін қант – 300 теңге. Базарда алыпсатарларға 320 теңгеге сатады, әрі қарай 350 теңгеден сатылып жатыр. Біз Ауыл шаруашылығы, Сауда министрліктеріне көлік тасымалын жабу туралы өтінішпен жүгіндік. Себебі қантты осылай қадағалаусыз кіргізе берсек, Ресейде бүгіннің өзінде 4 зауыт іске қосылған. Тамыздың соңында барлық зауыты қосылады. Оның үстіне Ресей биыл "өнім жақсы, 6,5 млн тонна өнім аламыз" деп отыр", - деді ол.

Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, ауыл шаруашылығы былтыр қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі жоспарын қабылдаған. Сол міндеттердің бөлігі биыл бірінші-екінші тоқсанда іске асырылуы керек еді. Бірақ олардың біреуі де орындалмады, деді ол. Бұдан бөлек Қырғызстанның өзі 17 мың га егіп, өзін қантпен 100 пайыз қамтып отырғанын да жеткізді.

"Ресейде қант егілетін жердің 90 пайызы қант зауыттарына тиесілі. Олар қант қызылшасын 90 пайыз қамтып отыр деген сөз. Біз қашан өзімізге шикізат егіп аламыз. Бұл салада 5 жылдан беріп еңбек етіп келемін, әлі күнге дейін айналшықтап жүрміз. Бұл дегеніміз – азаматтарды жұмыспен қамту, салық төлеу, кәсіпорындар, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық, шаруаларды қолдау. Ал, қазіргі жағдайға келсек, көліктерді тоқтатайық. Біз оларды қадағалай алмаймыз", - деді Айжан Наурызғалиева.

Сауда комитетінің қызметкері Гүлмира Ахметаеваның сөзінше, 1 сәуір-30 маусым арасында теміржол көлігі арқылы 59 мың тонна қант, автомобиль арқылы 6 мың тонна қант импортталған.

"Біздің қант зауыттарымыз ішкі нарықты толық қамти алмайды. Импортқа тәуелділік 50 пайыздан асады. Бұдан бөлек қант өндірушілер мемлекеттен жақсы қолдау алады. Олар қант шикізатының баж салығынан және қосымша құн салығынан босатылған", – деді Гүлмира Ахметаева.

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов қант өндірісін дамыту бағдарламасының орындалмауына қатысты ұлттық палата арқылы жазбаша жауап беретінін айтты.

Айта кетейік, қант бағасының өзгерісіне қатысты сарапшының пікірін білген болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу