Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе

110

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе Фото: freepik

"Ірі өндірістік компаниялармен бірге "индустриалды PhD" даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізген жөн. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы "жасыл" энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс айтарлықтай артып келеді.

Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе. Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескеріп, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырамын", - деді Президент

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу қажет екенін айтты.

"Бұл мектептердегі білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалар өнеркәсіптің басым салаларындағы сұранысқа негізделуі керек. Білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін "Менің мамандығым – менің болашағым" жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоба аясында Мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму тенденциясы зерттелуде. 

Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу