Форманы сатып алуға бюджет ақшасы жұмсалмады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Техникалық талаптарды, макеттерді және жеткізілетін спорттық киім-кешекті бақылауды үйлестіру мақсатында Министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ белгілі спортшылардың қатысуымен жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия спорттық киім-кешектің эскизін бекітті, қазір ол Халықаралық Олимпиада комитетімен келісілуде. Киім-кешек жиынтығына спортшылардың ашылу және жабылу салтанатына қатысуға арналған киім формасы, сондай-ақ спорттық іс-шара кезінде пайдалануға арналған жылы сырт киім кіреді", – деді Туризм және спорт министрі Үкімет отырысында.
Ербол Мырзабосынов спорттық жаттығуларға, дене қыздыруға және күнделікті қолдану үшін спортшыларға арналған жаттығу және күнделікті киімдер кіретінін де жеткізді. Оның сөзінше, жалпы спорттық киім-кешектер жиынтығы 22 атауды қамтиды.
"Форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынды", – деді ведомство басшысы.