Отандық стартап Дубай қорының 250 мың доллар инвестициясына ие болды

462

Отандық қолдау тақияңызға тар келсе, шетелден инвестиция тартуға да болады. CheckDoc стартапы секілді. Бұл стартап – халықаралық Astana Hub технопаркінің қатысушысы. Медицина саласында диагностика жасаумен айналысады.

Отандық стартап Дубай қорының 250 мың доллар инвестициясына ие болды

Міне, дәл осы стартап Pre-seed иневестициялық раунды аясында 250 мың долларға ие болды. Дубайдағы "Almak Capital" қоры отандық диагностика қызметіне инвестиция құйды. Бұл қаржы стартап көрсететін қызметтің технологиялық бөлігін дамытуға әрі нарықтағы өсімін жеделдетуге бағытталады.

Тағы бір атап өтерлігі, "Almak Capital" қоры біздің жобаларға алғаш рет қаржы құйып отырған жоқ. CheckDoc – инвестициялық компанияның игілігін көргелі отырған екінші жоба.

CheckDoc-ты отандасымыз Тоты Сматова құрған. Бұл – 2021 жылдың желтоқсанында дүниеге келген цифрлық зертхана. Сервис үйде диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Жедел медициналық диагностика әрбір клиентке сапалы тексеруден өтуге әрі ауруды ерте кезеңде анықтауға жол ашады. Жұмысын енді бастсаған ұжым аталған қызметті сапалы әрі мейлінше қолжетімді еткісі келеді.

– Дәстүрлі зертханалардан айырмашылығымыз бен артықшылығымыз көп. Бірінші айырмашылық – технологиялық ДНҚ-да. Екінші айрымашылық – тапсырыстарды жылдам өңдеуде. Тапсырыс берген сәттен бастап оны жүзеге асыруға дейін 40-60 минут өтеді. Басты артықшылығымыз – клиентке не қажет екенін білеміз және онымен қалай байланысу керектігін түсінеміз, – дейді жобаның негізін қалаушы Тоты Сматова.

Жоба өкілдерінің жоспары да жақсы-ақ. Жергiлiктi диагностика нарығының 15 пайызын иеленгісі келеді. Әрі жасанды интеллект көмегімен жобаның IT құрамдас бөлігін күшейтіп, диагностикаға басымдық беретін №1 медициналық қызметке айналуды көздеп отыр. Ұлт денсаулығына өз үлесін қосып, халықтың тұрмысын түзесек деген асқақ арман-тілектері де бар. Инвесторлардың көмегімен жоба шет елдерге де шығуы әбден мүмкін.

– Жаһандық денсаулық сақтаудағы цифрлық нарық жыл сайын өсіп келеді. Тек кейінгі үш жылдың өзінде нарық екі есе ұлғайды. 2020 жылғы 216 млрд долларды құраса, биыл 417 млрд долларға дейін өсті. Біз денсаулық сақтау саласындағы цифрлық жобалардың жақын болашақтағы табыстылығын арттыруға мүмкіндік бар деп есептейміз. CheckDoc – тұрақты қаржылық моделі бар стартап. Компания тек оң динамика көрсетіп келеді. Сондықтан біз компанияның жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін стартаптың технологиялық жағынан жетілдірілуіне көмектесу үшін инвестиция құйдық, – дейді "Almak Capital" қорының басқарушы серіктесі Олжас Өкенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу