Отандық тауар өндірушілер Қытайға жылына 130 мың тоннаға дейін ет жеткізе алады

879

Қазақстандық бірқатар ет және өсімдік өнімдерін Қытайға кіргізуге шектеулер жойылды. Жуық арада қазақстандық сүт және жұмыртқа өнімдерін жеткізуге де рұқсат беріледі.

Отандық тауар өндірушілер Қытайға жылына 130 мың тоннаға дейін ет жеткізе алады

Азық-түлік саласы ­– Қазақстан экономикасы дамуының негізгі драйверінің бірі. Бұл туралы "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Қытай-Қазақстан жоғары технологиялық кәсіпорындары форумы барысында айтты, деп хабарлайды atameken.kz.

Спикердің айтуынша, Қытай нарығы экологиялық таза өнімдерге мүдделі. Атап айтқанда, отандық тауар өндірушілер Қытайға жылына 130 мың тоннаға дейін – ет, 8 тоннаға дейін – бал, жем-шөп, майлы дақылдар, көкөніс және жемістердің тұқымын, сондай-ақ құс шаруашылығы өнімін жеткізе алады.

Бүгінде көршілес елдер қазақстандық өнімдер экспортына тосқауыл болатын кедергілерді алып тастау бойынша белсенді ынтымақтасқан. Қазақстандық бірқатар ет және өсімдік өнімдерін Қытайға кіргізуге шектеулер жойылды. Жуық арада қазақстандық сүт және жұмыртқа өнімдерін жеткізуге де рұқсат беріледі.

ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстандағы инвестициялық ахуал өңірдегі ең қолайлылардың бірі және осы әлеует ЕАЭО мемлекеттерінің нарықтарына жол ашып отыр.  

"Астанада 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин "Жібек жолының экономикалық белдеуі" атты идеясын жариялағанына қуаныштымыз. Бүгінде аталған бағдарлама Орта Азия мемлекеттеріне Қытаймен ынтымқатастық құруда үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Қазақстан маңызды геосаяси орынға ие мемлекет, сондай-ақ Қытай және Еуропа Одағының алпауыт экономикалары арасында байланыстырушы ", – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Соңғы он жыл ішінде Қазақстан инфрақұрылым, көлік-логистикалық активтер мен біліктілікті дамытуға шамамен 30 млрд АҚШ долларын инвестициялады. 2,5 мың километрге жуық ұлттық теміржол торабы және 12,5 мың километр тас жол жаңартылып, қолданысқа берілді.

"Корпорациямыз отандық бизнестің түрлі секторларында дамып жатыр. Жақын арада сервистерімізді жақсартып, халықаралық бағыттарды жетілдіруге күш саламыз. Қазақстан – бірінші кезекте "Бір белдеу – бір жол" бағдараламасы жүзеге асып жатқан ел. Қазақстан ары қарайғы экономикалық қарым-қатынаста негізгі позицияны еншілейді деген ойдамын.  Салымшылар мен қызметкерлердің тұрақтылығы – біз үшін маңыздысы", – деді CITIC Group Директорлар кеңесінің төрағасы Ли Цзиньпин.

Бұған қоса Қазақстанда инвесторлар үшін оңтайлы салық режимі енгізілген.

"Инвестор бизнес жүргізгелі жатқан бағыт ҚР Үкіметі белгілеген басымдыққа ие салаға жататын болса, онда инвестор салық төлеуден босатылған қызмет ету кезеңіне рұқсат ала алады", – деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

  Форум соңында Қытай-Қазақстан кәсіпорындарының ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды. Форум жұмысына қазақстандық және қытай бизнесінің 60-тан астам өкілі қатысып, В2В форматында келіссөздер жүргізді.  

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу