Отандық тауар өндірушілер тізілімінде мыңнан астам компания талапқа сай болмай шықты

100

40 мыңнан астам тауар қазақстандық өнім ретінде танылды.

Отандық тауар өндірушілер тізілімінде мыңнан астам компания талапқа сай болмай шықты Фото: inbusiness.kz

Қазақстандық өндірушілер базасы кеңейіп, өнімдер ресми мәртебе алды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін қалыптастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде тізілімнің ақпараттық жүйесіне (e-ondiris.gov.kz) 26 257 өтінім жолданып, оның 22 мыңнан астамы қаралды. Бұл жалпы өтінімдердің 80%-дан астамын құрайды.

Соның нәтижесінде өндірістік қызметі сараптамадан өткен отандық өндірушілердің ауқымды базасы қалыптасты. Қазіргі таңда аталған базаға 5 834 өндіруші енгізілді. Оның ішінде:

  • 4321-і – толыққанды Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлардың өндірушілері;
  • 1 513-і – қайта өңделген өнім шығаратын кәсіпорындар.

Жалпы айтқанда, 40 мыңнан астам тауар қазақстандық өнім ретінде танылды.

Отандық өнімді сатып алуға басымдық беру үшін тізілім негізгі сатып алу платформаларымен (ЭГЗ, Samruk Store, Omarket, Mitwork) өзара үйлестірілді. Мәселен, жыл басынан бері "Электрондық мемлекеттік сатып алу" порталында шамамен 24 762 сатып алу, "Самұрық-Қазына" порталында 2 646 сатып алу өткізілді.

Сондай-ақ өндірістік қызметті бағалау нәтижесінде 1 053 компанияның өтінімі кері қайтарылды.

Бас тартудың негізгі себептері төмендегідей:

  • цифрлық тексеру нәтижелерінің теріс болуы;
  • өндірістік талаптар мен технологиялық үдерістердің (2025 жылғы 25 қыркүйектегі №392 бұйрыққа сәйкес) расталмауы, оның ішінде ең төменгі шекке, мәліметтер мен ұсынылған бейнематериалдарға сәйкес келмеуі;
  • ұсынылған бейнематериалдардың өндірісті нақты айқындауға мүмкіндік бермеуі немесе бірдей материалдардың бірнеше өтінімде қолданылуы;
  • өнім туралы мәліметтердің, елішілік құндылық деңгейінің және өндірістік қуаттың сәйкессіздігі;
  • толық емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін құжаттар мен ақпараттың ұсынылуы;
  • көшпелі тексерулер барысында анықталған бұзушылықтар, соның ішінде бірдей құжаттардың түрлі өтінімдерде пайдаланылуы.

Тізілімді одан әрі жетілдіру және ұсынылатын мәліметтердің шынайылығын арттыру жұмыстары жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу