Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызмет сарбазына дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, үш командир мен орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұдан басқа лауазымды адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру жүргізілді.
"Нақты айтқанда кадрлық шешім қабылданып, басшылық құрамындағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды. Әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметтік әрекетке сәйкес емес деп ескерту жарияланды. Бірқатар офицер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды", – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Қабылданған шаралар атқарып отырған лауазымына қарамастан, дербес және бұлтартпас жауапкершілік қағидатын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес барлық мән-жайға түпкілікті қорытынды мен құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша беріледі.