Отбасы банк депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініштерді қабылдайды

Оның 130 900 астамы – балалар депозиттері бойынша. Жолданған өтінімдердің жалпы сомасы 116,1 млрд тенге. 

Отбасы банк депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініштерді қабылдайды Фото: inbusiness.kz

Тұрғын үй құрылыс жинақ банк клиенттерінің өтемақы алу үшін өтініш тапсыруға қосымша күндері бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бұл мерзім 2023 жылдың 10 ақпанына дейін ұзартылды.

"Өтініштер бұрынғы қалпы "Баспана маркет" (www.otbasybank.kz) жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинетте онлайн жолданады. Бұл мүмкіндік 2023 жылдың 12 қаңтары, сағат 10:00-ден бастап қолжетімді болады. Сондай-ақ өтемақы алу жөніндегі өтініштерді "Otbasy bank" мобильді қосымшасы арқылы да жолдауға болады. Аталмыш қызмет мобильді қосымша жаңартылғаннан кейін жақын күндері іске қосылады", – деп хабарлады қаржы институты.

Өтініштерді қабылдаудың тағы бір арнасы – Отбасы банк кеңесшілері. Олардың көмегімен әрекетке қабілетсіз және кәмелетке толмаған салымшылардың, олардың ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілерінің салымдары бойынша өтемақы алуға өтініш беруге болады. Ол үшін өзіңізге жақын жердегі кеңес беру орталығына бару керек немесе үйге кеңесші шақыру қажет.

Айта кетейік, үш айдың ішінде банк клиенттерінен өтемақы алу үшін 860 166 өтініш қабылдады. Оның 130 900 астамы – балалар депозиттері бойынша. Жолданған өтінімдердің жалпы сомасы 116,1 млрд тенге.

"Отбасы банкіндегі депозиттер бойынша берілетін 10 пайыз көлеміндегі өтемақылардың ең жоғарғы сомасы 20 млн теңге екенін ескертеміз. Бұл бір банктен ашылған барлық депозиттердің жалпы сомасына берілетін максималды қаражат. Өтемақы 2022 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша Отбасы банкінде депозиттері бар және бұл салымдарын 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақтаған барлық салымшылардың жинақтарына аударылады", – деп хабарлады банк.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу