"Отбасы банк" салымшыларға мемлекеттік сыйақыны қашан "өз қалтасынан" төлей бастайды?

336

Ол үшін заңға өзгерістер енгізілуі тиіс. 

"Отбасы банк" салымшыларға мемлекеттік сыйақыны қашан "өз қалтасынан" төлей бастайды? Фото: ratel.kz

"Отбасы банк" салымшыларға мемлекеттік сыйақы сомасының 40 немесе 50 пайызын банктің дивиденді есебінен төлеу нұсқасын қарастырып жатыр. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ басқарма  төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ләззат Ибрагимованың сөзінше, 2025 жылғы нәтижелер бойынша мемлекеттік сыйақы республикалық бюджеттен бөлінген. 

"Біз 2025 жылы 100 млрд теңге дивиденд төледік. 67 млрд теңге банк салықтарды төледі. Содан қазір тағы өзгерістер, ұсыныстар бар. Есептер жүргізіліп жатыр. Сыйақы сомасының 40 немесе 50 пайызын банктің дивиденді есебінен төлеу нұсқасын қарастырып жатырмыз. Қосымша ақпарат беріледі", – деді "Отбасы банк" басшысы.

Айтуынша, бұл норма күшіне енуі үшін заңға өзгерістер енгізілуі тиіс.  Алдағы уақытта бұл мәселені Мәжілістегі жұмыс топтарында талқылау жоспарланып отырғаны да белгілі болды.

"Отбасы банк" АҚ басқарма  төрағасы бір салымшының бірнеше депозитіне қатысты да түсінік берді.

"Бір салымшы бір депозитке бір премия ғана алады. Ешқандай өзгеріс болмайды", – деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу