Оқиға 14 маусымда Қостанай ауданына қарасты Алтын Дала ауылының маңындағы Тобыл өзенінің жағасында болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шомылуға арналмаған жерде екі адам суға батып кеткен, олардың бірі – 2020 жылы туған бала.
Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, отбасы өзен жағасында демалып жүрген. Су жағасында ойнап жүрген сәтте бала ағысы қатты жерге түсіп кеткен. Немересін құтқаруға ұмтылған атасы да өзен ағысына ілесіп, екеуі де батып кеткен.
Оқиға орнына Қостанай облыстық ТЖД қызметкерлері, полиция, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 40-қа жуық маман, 13 техника, екі жүзу құралы және ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.
Қазіргі уақытқа дейін шамамен 32 мың шаршы метр су айдыны тексерілді. Іздеу жұмыстарына үш сүңгуірлер тобы қатысып жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауды және шомылуға тыйым салынған жерлерге түспеуді ескертті.
Сондай-ақ құтқарушылар іздестіру жұмыстарына қатысып жүрген азаматтарға қайықта немесе су маңында жүрген кезде міндетті түрде құтқару кеудешелерін кию қажеттігін еске салды.