Сотта жәбірленуші Олжас Садық Перизат Қайраттың іс-әрекетін "моральдық қылмыс" деп атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол әуелгіде жиналған қаражат туралы ашық ақпарат беремін деп ойлаған. Бірақ, кейіннен көмек жайына қалып, үнсіздік пен сылтауларға ғана жалғасқан.
– Мен Газа секторына көмекке қаржы жинауды ұйымдастырдым, барлығы 83 миллион теңге жиналды. Мен бұл қаражаттың жұмсалуы жөнінде ашық әрі айқын есеп аламын деп үміттендім, бірақ олай болмады. Уақыт өте келе Перизат Қайратпен байланыс үзіле бастады, көмек көрсетудің орнына үнсіздік пен сылтау ғана айтылды. Ал шын мәнінде қайырымдылыққа қатысы жоқ шығындар анықталып отыр, – деді жәбір көруші.
Сонымен қатар, куәгер Ғайни Алашбаеваға қатысты да өз ойын айта кетті.
– "Перизат Қайраттың кінәсі дәлелденді" деп есептеймін және прокурордың жазалау шарасына қатысты өтінішін қанағаттандыруды сұраймын. Анасы Ғани Алашбаеваға өте қатты жаным ашиды. Оның денсаулығында кінәрат барын білемін, сол себепті айыпталушыны үйқамақта қалдыруды сұраймын, – деді Олжас Садық.
Күні кеше прокурор Перизат Қайратты 10 жылға соттауды сұраған еді әрі одан тәркіленуі мүмкін мүліктер де белгілі болды.
Бұған дейін сот отырысында Перизат Қайраттың анасының телефондағы жазбалары жария етілді.