Өте төмен: Қазақстан ағылшын тілін меңгерген мемлекеттер тізімінің соңында тұр

226

Қазақстан ағылшын тілін меңгерген 113 мемлекеттің арасында 104-ші орында тұр.

Өте төмен: Қазақстан ағылшын тілін меңгерген мемлекеттер тізімінің соңында тұр Фото: Inbusiness.kz

Мұндай көрсеткішті Education First халықаралық компаниясы жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Өте төмен" деген бағаға ие болған Астана, тіпті, Ресми Бішкектен де артта қалыпты. Сөйтсе, Қырғызстан ағылшыншасы судай мемлекеттер ішінде 90-шы орынға жайғасқан. Ал көрші Ресей 41-ші сатыда тұрақтапты. Сонымен, отандастырымыз неге шет тілін үйренуге құмартпайды?

Абзал Әлден алып елдердің астанасы саналатын Нью-Йорк қаласында жұмыс істеуді армандайды. 21 жастағы жамбылдық жігіт ағылшын тілін үйреніп жүргелі биыл 7-ші жыл. Болашақта елімізде мейрамхана бизнесін ашсам дейді. Дегенмен, кәсібі көптің көлеңкесінде қалып қоймас үшін, алдымен АҚШ-та тәжірибесін толыстырғанын қалайды. Мүкіндігінше жылына бір рет осылай мұхит асып тұрады.

"Мен шетел көріп келген азамат ретінде айтарым, шетелде ағылшын тілін білмейтін адамдар қара жұмыс істейді. Бізде технология дамып жатқаннан кейін бізге де сол тәжірибе қайталанып келеді. Соның алдын алу үшін қазіргі жастар қазірден бастап шет тілін білген дұрыс. Мысалы кеңес заманын алатын болсақ, біздің орыс тілін білмейтін азаматтар қара жұмыс істеді. Ал орыс тілін білетін азаматтардың мәртебесі өсе берді. Яғни лауазымы ары қарай өсе берді", - дейді Абзал Әлден.

Дегенмен Абзал секілді шетел тілін үйренуге біздің қоғам онша құмартпай тұр. Бұған бізде сұраныстың аз болуы, одан қалды орысша тілдесу трендте тұрғаны да себеп, дейді оқытушылар. 

"Мектепте, балабақшада, жоғары оқу орындарында сағат сандарын, апталық оқу сағаттарын көбейту керек шығар деп ойлаймын. Ағылшын тілін даярлауда грант сандарын көбейтсе. Өйткені қазір мектептерде, жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқытушылар жетіспейді. Аудармаларды тікелей қазақ тілінен ағылшын тіліне және ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей жасалса. Мысалы, көрші мемлекеттерде қазір орыс тілді қолданыстан шығарып, көбінесе ағылшын тіліне басымдық беруде", - дейді педагог Гүлмира Арыстанқұлова.

Шәкірттеріне тіл үйретуге 20 жылын арнаған Гүлмира Арыстанқұлова осы жоба қолға алынса 104 деген төмен деңгейден кемі үздік 80 мемлекеттің қатарына енуге болар еді, дейді. Әзірге халқы ағылшынша ана тіліндей сайрайтын мемлекеттердің көшін Нидерланды бастап тұр. Одан кейін Сингапур, Австрия және Дания елдері жайғасқан екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу