Өткен жылы АҚШ долларына салынған салымдар инвестициялаудың ең нашар нұсқасы болды

927

Өткен жылы  АҚШ долларына салынған салымдар  инвестициялаудың ең нашар нұсқасы болды

Ұлттық банк халық үшін түрлі қаржы құралдарының 2017 жылғы номиналды кірістілігі бойынша ұлттық валюта баламасындағы салыстырмалы түрдегі есебін жүргізді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

2017 жылы ең көп кірісті бағам айырмасына байланысты еуроға салынған салымдар әкелді. Еуроаймақтағы жағымды өзгерістер нәтижесінде (экономиканың өсу қарқынының жылдамдауы, инфляцияның төмен деңгейінің сақталуы, Еуроаймақтың бірқатар елдерінде саяси тәуекелдердің төмендеуі) 2017 жылы еуро долларға қатысты 12,3%-ға нығайды. Соның нәтижесінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры белгілеген салымдар бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін есептегенде еуромен мерзімді депозиттер бойынша кірістілік 15,3% болды, ал қолма-қол еуромен жинақ ақшаны сақтау 13%-ға (2017 жылы еуроның теңге қатысты нығаюы) тең болатын кіріс әкелді.
Еуромен салынған депозиттермен салыстырғанда теңгемен салынған депозиттер де жыл ішінде 14,9% мөлшердегі кірісті қамтамасыз ете отырып кіріс әкелді (есептеу кезінде жеке тұлғалардың ұлттық валютамен салынған депозиттері бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған ең жоғары мөлшерлеме пайдаланылды, ол 2016 жылғы 1 ақпанда 14% болды). 
Кірістілік бойынша келесі орында рубльмен салынған депозиттер болды. 2017 жылы Ресей рублі теңгемен салыстырғанда көбінесе Ресейдегі инфляция деңгейінің неғұрлым төмен болуы, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесімен салыстырғанда Ресей орталық банкінің негізгі пайыздық мөлшерлемесінің нақты көрсеткіш бойынша неғұрлым жоғары болуы нәтижесінде 6,3%-ға нығайды. Осылайша, ақшаны Ресей мен Қазақстан банктеріндегі рубльмен салынған салымдарға орналастырған кезде кірістілік Ресей банктеріндегі жылдық салымдар бойынша орташа алынған мөлшерлеме және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры белгілеген салымдар бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі негізінде тиісінше 13,4% және 8,3% болды. Көрсетілген кезде жинақ ақшаны қолма-қол Ресей рублімен сақтаған кезде өткен жылы 6,3%-ға тең кірістілік алуға болатын еді.
Алтынға салынған салымдар алтын бағасының 13,1%-ға өсуі және теңгенің АҚШ долларына 0,3%-ға нығаюы нәтижесінде 12,8% мөлшерінде кірістілік әкелді. 2017 жылы дүниежүзінде алтынның ірі сатып алушысы ретінде Қытай, алтынды санкциялардың теріс әсерінен қорғау құралы ретінде пайдаланатын Ресей, сондай-ақ Таяу Шығыс елдері және Латын Америкасының кейбір елдері тарапынан үдемелі сұраныс алтын бағасының өсуінің негізгі факторы болды.
2017 жылы теңгенің АҚШ долларына 0,3%-ға нығаюы аясында осы валютаға салынған салымдар инвестициялаудың ең нашар нұсқасы болды. Мәселен, мерзімді доллар салымдары бойынша кірістілік 1,7% болды, ал қолма-қол АҚШ долларын сақтау 0,3% мөлшерде теріс кірістілік әкелді. 
Жылдық инфляцияның деңгейін ескере отырып, 2017 жылы 7,1% болатын қолма-қол теңгеге, Ресей рубліне, АҚШ долларына салынған салымдар салымшыларға нақты көрсеткіш бойынша теріс кірістілік әкелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу