Өткен жылы Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырған

139

Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Өткен жылы Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырған Фото: akorda.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі тұрақтылық пен татулықтың басты тірегі. 

Президенттің айтуынша, Ассамблея мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, бірақ ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді жұмыстар атқарып келеді.

"Бүгін әріптесіміз Ахмед Мурадов және басқа да Ассамблея мүшелері ҚХА ардагерлерінің "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысатынын айтты. Бұл жұмыс ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыруда Ассамблеяның әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы "Ассамблея жастары", Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, "Жаңа толқын" секілді құрылымдарды жастарға бірлік пен отаншылдық, азаматтық жауапкершілік мектебі ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл ұйымдар "Адал азамат" қағидатын кеңінен насихаттап отыр.

Президент этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда этномедиция институтының маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық кеңес пен 42 кафедра құрамына енген 360-тан астам сарапшы ұлт құрылымы мен этносаралық қатынастар үдерісін зерттеуде белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның "Жүректен жүрекке" жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады, қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты", – деді Президент.

Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды қолдау үшін "Ел бірлігі" ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалғанын хабарлады.

"Бірлік" ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, "Бірлік бар жерде ғана тірлік бар". Бұл – ақиқат", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу