Өзбекстан "ҚТЖ-ның" көмегімен Түркияға мыс пен мырыш тасымалдай бастады

998

Орта Азиядағы ең ірі мыс өндіруші шикізатын Еуропаға Қазақстан арқылы тасымалдауды жолға қойды.

Өзбекстан "ҚТЖ-ның" көмегімен Түркияға мыс пен мырыш тасымалдай бастады

KTZ Express компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі мыс өндіруші болып саналатын Алмалық тау-кен металлургия комбинатынан контейнерлік пойыз арқылы катодты мыс пен мырыш тасымалын ұйымдастырмақ. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.  Шикізат жүйелі түрде Сергелі стансасынан (Ташкент, Өзбекстан) шығып, Сарыағаш және Оазис шекара бекеттері арқылы Ақтау портына жетіп, ол жерден кемеге тиеліп, Баку портына жөнелтіледі. Осыдан кейін жүк Түркияның Стамбұл, Анкара және Мерсин қалаларына жеткізіледі.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, Алмалық комбинатынан Түркияға Қазақстан аумағы арқылы ай сайын орташа есеппен жиырма футтық 400 контейнер мыс пен мырыш тасымалданбақ.

"Біз клиенттерге кешенді логистикалық қызмет ұсынамыз. Қазіргі төтенше жағдай кезінде жүк көлемін автомобиль жолынан теміржолға ауыстыру тиімдірек, жоспарлау сапасын жақсартады және шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етеді", – дейді "KTZ Express" АҚ бас директоры Дмитрий Абдуллаев.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу