Өзбекстан нарығындағы Қазақстан мұнайын Ресей ығыстыра бастағаны рас па?

1016

Қазақстан мұнайының экспортында Өзбекстанның үлесі 1 пайызға да жетпейді.

Өзбекстан нарығындағы Қазақстан мұнайын Ресей ығыстыра бастағаны рас па? Фото: zakon.kz

Өзбекстан нарығындағы Қазақстан мұнайын Ресей ығыстыра бастады. Соңғы күндері Өзбек бұқаралық ақпарат құралдарында осындай мәлімет тарап жатыр.

Бұл мақалаларға сай, биыл екі ел арасындағы қара алтын экспортында антирекорд тіркелген. Атап айтқанда, шикізаттың темір жол арқылы тасымалы азайған. Еліміздің энергетика министрлігі Қазақстан Өзбекстанға мұнайдың жоспарланған көлемін экспорттап отыр. Өзбек тарапынан Қытайға қарағанда бағасы қолайлы ұсыныстар болса біз тасымалды ұлғайтуға дайынбыз, дейді мамандар.

"Қазіргі таңда кейбір интернет сайттарда Қазақстан мұнайы Өзбекстан нарығынан Ресей мұнайымен ығыстырылып жатыр, деген хабарлар таралуда. Бұл хабарлар шын емес деп атап өткім келеді. Шыны керек, Ресей мұнайы транзит ретінде қазақстандық құбыр жүйелерінен жөнелтіледі. Бірақ көлемін салыстырсақ Қазақстан мұнайы Ресей мұнайына қарағанда өте жоғары", – дейді ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.

Қазақстан мұнайының экспортында Өзбекстанның үлесі 1 пайызға да жетпейді

Былтыр еліміз Өзбекстанға 87 мың тонна қара алтын экспорттаған. Ал биылғы 9 айда көршіміз Қазақстаннан 46 мың тонна мұнай алыпты. Жалпы Қазақстан мұнайының экспортында Өзбекстанның үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан ірі нарықты жоғалтып алу туралы айтуға ерте. Қазір Қазақстан мұнай өнімдерін экспорттаушыдан гөрі тасымалдаушы рөліне көшкендей. Мәселен, еліміз жыл соңына дейін 800 млн текше метр Ресей газын Өзбекстанға жеткізбек.

"Бұл коммерциялық келісімнің аясында жыл сайын Ресейден Қазақстан аумағы арқылы 2,8 млрд текше метр газ жеткізілетін болады. Табиғи газдың Өзбекстанға тасымалы тек біздің елдегі ғана емес аймақтағы энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді", – дейді Өзбекстан Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Шерзод Асадов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу