Өзбекстандағы Самарқанд облысында әйел ауруханада жасырын түрде босанып, нәрестені қоқыс шелегіне тастап кеткен. Дәрігерлер сәбидің өлі денесін тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.
Жаға ұстатарлық жағдай Пайарық ауданындағы медициналық мекеменің бірінде болған.
27 желтоқсан күні жас әйел іш қату шағымымен осы мекемеге жүгінген. Ол ауруханаға енесімен бірге келген. Дәрігерлік тексеруден бас тартқан әйел клизма жасауды ғана сұраған. Ол ультрадыбыстық зерттеу жасауға да келісімін бермеген.
Кейін әйел процедуралық кабинетке жіберілген. Әйел медбикеден өзін жалғыз қалдыруды өтініп, арада біраз уақыт өткен соң ауруханадан кетіп қалған.
Медицина қызметкерлері кабинетті тексеру барысында қоқыс шелегінен шетінеп кеткен ұл баланың денесін тапты.
Бейнебақылау камералары арқылы әйелдің жеке басы анықталды. Бұл дерек бойынша тексеру жұмыстары басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.