Өзбекстанда жекеменшік әуе компаниясын ашу трендке айналды

482

Өзбекстан 2 айда 700 миллион доллардан астам қаржыға 14 әуе кемесін сатып алған.

Өзбекстанда жекеменшік әуе компаниясын ашу трендке айналды Фото: fergana.news

Өзбекстанда жеке әуе компания ашу трендке айналды. Соңғы 2 жылда көршімізде 5 жекеменшік авиа-компания пайда болған. Елдің авиация комитеті саладағы жаңа ойыншыларды тіркеп үлгере алмай жатырмыз дейді. Бұл өзгерістер 2 ел арасындағы билеттер бағасына қалай әсер етпек? Өзбекстандық әуе компанияларының ұшақтары қандай? 

"Әуе компаниясын құру өте күрделі әрі жауапты іс. Ал ұшақтардың қауіпсіздігін тексеру ұзақ уақыт алады. Қазір біздің елге аймақтарға шығатын осындай автобус сияқты кішкентай ұшақтар керек. Өйткені туристер мен азаматтардан сұраныс көп. Біз жыл соңына дейін тағы 2 әуе кемесін аламыз. Сол кезде көрші елдерге рейс жасауға мүмкіндік туады", - дейді Әуе компанясының директоры Рана Джураева.

2 айда Өзбекстан 700 миллион доллардан астам қаржыға 14 әуе кемесін сатып алған. Осылайша елдің әуе паркі 44 ұшаққа көбейді. Статистикадағы жеке кәсіпкерлердің де үлесі жетерлік. Өйткені Өзбекстанда соңғы жылдары 5 жаңа жеке авиакомпания пайда болған.

"Қазір Өзбекстанда көп жаңа авиакомпания құрылып жатыр. Нарықта әуе компаниясын ашудан бум боп жатыр десем де болады. Бүгінгі таңда "Узавиацияда" жолаушылар тасымалына бағытталған жаңа 7 компанияның өтінімі қаралып жатыр. Біз әуе компанияларының аудиті қарсаңында физикалық және техникалық тұрғыдан бұл ағынға ілесе алмай жатырмыз", - деді Азаматтық авиация агенттігі басшысының орынбасары Олег Лим.

Өзбекстанда 13 әуе компаниясы бар. Әрі нарықтағы ойыншылар саны күн санап артып келеді. Ішкі бәсекелестік себеп болды ма, 1 ай бұрын Қазақстан ұсынған "Ашық аспан" бастамасы қолдау таппады. Есесіне 2 ел арасындағы әуе рейстерін 2 есеге дейін көбейту туралы келісім қабылданды. 

Биыл Қазақстан мен Өзбекстанның 11 қаласында жаңа әуе рейстері ашылады. Өзбекстандық авиакомпаниялар Қарағанды, Тараз бен Өскемен, Павлодар және Көкшетау қалаларымен байланыс орнатады. Ал Қазақстандық тасымалдаушылар Ферғана, Андижан, мен Науаи, Бұхара, Қарши және Термезге ұшуды бастамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу