Қаңтар-маусым қорытындысы бойынша Өзбекстаннан келген иммигранттар саны 2025 жылдың сәйкес айларымен салыстырғанда бірден екі есеге қысқарып, 2 894 адам болған. Қазіргі көрсеткіші соңғы бес жылдағы осы кезең үшін ең төменгі деңгей болып отыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің деректерін Ұлттық статистика бюросы өңдеген мәліметтер көрсетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DataHUB Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ресми статистикада иммигрант деп тұрғылықты жері бойынша тіркелу кезінде тұрақты тұратын елін өзгерткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар танылады.
"Соңғы жылдары Өзбекстаннан Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келетіндердің жалпы санының динамикасы тұрақтылығымен ерекшеленбейді. Қазіргі екі еселік төмендеуге дейін бұл көрсеткіш екі рет күрт өскен, нақтырақ айтқанда 2022 және 2024 жылдардың қаңтар-маусымында тиісінше жылдан жылға +132% және +51%. Одан бөлек, 2025 жылдың сәйкес кезеңінің қорытындысы бойынша да салыстырмалы түрде айтарлықтай өсім байқалды – жылдан жылға +18%", – деп жазады DataHUB.
Сарапшылардың айтуынша, аталған өсімдердің арқасында өткен төрт жылда бірінші жартыжылдықта Өзбекстаннан келген иммигранттар саны тарихи жоғары деңгейде (3 мың адамнан астам).
"Алайда қазір көрсеткіш 2022 жылға дейін тіркелген неғұрлым "қалыпты" деңгейлерге қайта оралып жатқанға ұқсайды. Өзбекстаннан келген иммигранттардың ұлттық құрамында қазақтар басым. Қаңтар-маусымда олардың үлесі 69%-ға тең. Өзбекстаннан келген иммигранттар көбіне Алматы және Маңғыстау облыстарына қоныстанған – барлық жағдайдың 60%-ы. Ал тұрақты тұратын орын ретінде Алматы мен Астана сирегірек таңдалған (18% жағдайда). Өзбекстаннан келгендердің саны күрт азайғанына қарамастан, онымен арадағы көші-қон сальдосы оң көрсеткіште қалып отыр. Себебі Қазақстаннан Өзбекстанға тұрақты тұруға іс жүзінде ешкім көшпейді", – делінген ақпаратта.