Депутат сайлау кезіндегі бәсекелестіктің заңды тәртібін енгізу мәселесіне де шүйлікті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мысал айта кетейін, әлеуметтік желідегі парақшаларына 50 мың, 100 мың оқырман тіркелген достарым бар. Ешбір партияның мүшесі емес. Ертең ықылас-көңілі ауып, "маған осы партия ұнайды" деп жазба салады. Ол қалғанын да салуға міндетті ме? Ол қандай тәртіппен салады? "Олар ұнамайды" деп айта ала ма? Осы жерін түсінбей отырмын. Өткен сайлауда мынандай жағдайларды да көрдік. Біздің атымыздан, партиямыздың атынан Мемлекет басшысының фотосын өтірік пайдаланып, "листовка" жабыстырғаннан бастап, "менің офисімді AMANAT өртетті" деген партияларды да кезіктірдік. Осындай бәсекелестіктің сайлау кезіндегі тәртібі неге енбеген? Оны енгізуге қалай қарайсыздар?", – деді халық қалаулысы.
Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов жауап беріп көрді.
"Бұл – заң бұзу. Мұндай әрекет жасағандарға тиісті жергілікті, аумақтық сайлау комиссиялары шара қолдануы керек. Сонымен қатар, прокуратура органдары да назар аударуы қажет. Жалған ақпарат тарату арқылы басқа партияның жұмысын жоққа шығаруға бағытталған әрекеттер бәсекелестік қағидаттарын бұзады", – деп жауап қатты ол. Негізінен, онлайн-платформалардағы үгіт тәртібіне қатысты қолданыстағы заң нормалары бар.
"Егер тұлға бір кандидат туралы үгіт жүргізсе, оны жүзеге асыру үшін кандидаттың жазбаша келісімі қажет. Бұл талап "Сайлау туралы" заңның 28-бабында нақты жазылған", – деп атап өтті Шавкат Өтемісов.
Депутат Ринат Зайыт "бұл талап азаматтардың пікір айту еркіндігіне қайшы келмей ме?" деп ашық сұрады. ОСК өкілі қолданыстағы нормалар сақталатынын, десе де белгілі бір жағдайларда шектеулер бар екенін жасырмады.
"Әзірге заңда солай жазылған. Егер сайлау қоры құрылмаса, қолдау білдіруге болады. Ал егер қор құрылып, үгіт жасалса, онда кандидаттың келісімі міндетті", – деп сөзін толықтырды ол.