Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бүгін Міндетті медициналық сақтандыру қорының ішкі құжаттарына байланысты мәселе көтерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Халық қалаулысының сөзінше, Қордың қаржылық есебі жалпы мемлекеттік қаржы есебінен тыс қалған. Өз кезегінде аталған жағдай қаржы жымқыруға, заң бұзушылықтарға жол ашады. Депутат бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сілтеме жасап айтты. Ол 2017 жылғы №321 бұйрық пен 2020 жылғы желтоқсанда қабылданған өзге бір құжатты атады.
– Сіз бұл бұйрықтарды министр ретінде өзгертпедіңіз де, жоймадыңыз да. Бұл – сіздің тікелей құзыретіңіз. Тіпті, сенатор болып жүргенде осы бұйрықтарды өзіңіз ашық сынайтын едіңіз, – деді Б.Базарбек.
Сондай-ақ, ол министрден заң талаптарын өрескел бұзған компаниялар неге лицензиясынан айырылмайтынын сұрады. Депутат Жоғары аудиторлық палата мұндай кемшіліктерді нақты атағанын, бірақ әлі күнге нақты шара қолданылмағанын алға тартты.
Министр Ақмарал Әлназарова жауабында мұндай мәселе бар екенін мойындады, бірақ аталған бұйрықтың күшін жою жоспарланбайтынын жеткізді.
– №321 бұйрықтың күшін жоймаймыз. Бірақ 1 шілдеге дейін оған өзгеріс енгіземіз. Біз де ашықтыққа мүдделіміз. Есептен тыс қалған қаражат бойынша да екінші оқылымға дейін нақты шешім қабылдаймыз, – деп қоса кетті министр.