Ыстанбұл қаласының Бас прокуратурасы бірнеше бап бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олар – "жезөкшелікпен айналысу", "есірткі немесе психотроптық заттарды сату", "есірткі заттарын жеткізу", сондай-ақ "есірткі заттарын пайдалану немесе сақтау" бабы.
Тергеу аясында 35 күдіктіні ұстау туралы шешім қабылданған. Олардың 23-і ұсталды.
Ұсталғандардың тізімінде Дениз Сөзен, Мехмет Джан Каржы, Мурат Джейлан, Дениз Чакыр Байкал, Пынар Бент, Джейлан Кая, Ышыл Ышык Демир, Ибрахим Иззет Өзилхан, Бурхан Каража, Джем Гюлер, Ердал Бозкуш, Ибрахим Йылмаз, Өзжан Дениз, Сагар Шожаи, Илкнур Шахин, Бурджу Өзберк, Мелтем Өзкаядан, Сехер Гротхе Севдишан, Мурат Башоғлу, Уфук Гүндогду, Онур Юксел, Джансу Ташкын және Муаммер Капуджуоғлу секілді шоу-бизнес өкілдері бар.
Бас прокуратураның мәліметінше, Контрабанда, есірткі және экономикалық қылмыстарды тергеу басқармасы аталған істер бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Ведомство таратқан хабарламада күдіктілерден алынған жауаптар, куәгер ретінде жауап берген ақпарат иелерінің айғақтары, тәркіленген ұялы телефондар мен цифрлық материалдарға жүргізілген сараптама нәтижесінде әзірленген қорытындылар, сондай-ақ жасырын куәгерлердің мәліметтері негізге алынғаны айтылған.
– Есірткі заттарының қолданылғаны немесе сақталғаны жөнінде күдік туындауына байланысты басталған тергеу аясында 35 күдіктіні ұстау туралы шешім қабылданды. Тергеу барлық бағыт бойынша жалғасып жатыр, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.