Пайдалы қазбаларды жергілікті тұрғындар лицензиясыз да қазып жатыр – депутат

84

Мәжіліс "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске өзгеріс енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Пайдалы қазбаларды жергілікті тұрғындар лицензиясыз да қазып жатыр – депутат Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев еліміздегі жер қойнауларында қазба байлықтары бойынша заңсыз фактілер анықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, осыған байланысты көптеген арыз-шағымдар түсіп жатыр. 

"Мүлдем лицензия алмаған ауыл тұрғындары істеп жатқан жағдайлар анықталып жатыр. Дарияларға зақым әкеліп жатқан жағдайлар да кездеседі. Заңды кәсіпкерлер аукционнан жерді алады, жерді пайдалану бойынша лицензиясын рәсімдейді. Экология министрлігі рұқсатын береді, салық төлеуші ретінде компаниясын тіркейді. Бірақ ең соңында қоғамдық тыңдау өткізген кезде сол жердің тұрғындары, жер қойнауын заңсыз игеріп жүргендердің өкілдері 50-60 адам болып келіп, қоғамдық тыңдаудан өткізбейді. Сонымен заңды негізде лицензия алған кәсіпкерлер қайтадан кетеді. Үш-төрт жылдан бері сондай проблема көп болып жатыр", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжілісмен Экология кодексінің 96-бабынан қоғамдық тыңдауды алып тастап, қайта қарастыруды уәкілетті органға беруді ұсынғанын жеткізді. 

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның сөзінше, қоғамдық тыңдау экологиялық бағыттан экономикалық бағытқа қарай ауысып кетті. 

"Бұл дұрыс емес. Біз мұны Экология министрлігімен бірге жетілдіруге дайынбыз. Бірақ осы заң жобасында концепциямен келмейді деп қарастырмадық. Келесі жылдың басында түзетулердің екінші пакеті бар. Сол кезде осы норманы қосуға дайынбыз", – деді Иран Шархан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу