Пайыздық мөлшерлеменің төмендеуінен инфляция өсуі мүмкін

581

Сонымен қатар банк жүйесінен депозиттер жылыстауы да ықтимал.  

Пайыздық мөлшерлеменің төмендеуінен инфляция өсуі мүмкін

Биыл негізгі мөлшерлемеге қатысты шешім соңғы мәрте 27 сәуірде қабылданған болатын. Ол кезде ҚР Ұлттық банкі көрсеткішті 9,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Ал бұған дейін сәуірдің басында қаржы реттеушісі пайыздық мөлшерлемені 12%-дан 9,5%-ға төмендеткен еді. Банк коронавирус салдарымен күрес мақсатында және іскерлік белсенділікті қолдау үшін осындай қадамға барды. 

Finprom.kz басылымының болжамынша,мөлшерлемені тағы да төмендету ел экономикасына залалын тигізуі мүмкін. Өйткені көрсеткіштің нақты көріністегі деңгейі 2,8% болды. Бұл теңгерілген бейтарап деңгейден (3-3,5%) төменірек. Инфляция болжамын ескеретін болсақ, нақты пайыздық мөлшерлеме нөлдік межеге дейін құлдырауы әбден мүмкін. 

Пайыздық мөлшерлеме төмендесе, халық ақшаны шетелдік валютада сақтай бастайды. Оның арты инфляцияның өсуіне әкеліп соғуы ықтимал. Сондай-ақ депозит бойынша мөлшерлеме де кеміп, олардың жылыстауы және банк жүйесінің ресурстық базасы да азаяды деген сөз.

Дегенмен қазіргі таңда бұл көрсеткішті төмендету Қазақстан экономикасын жандандыра алатын негізгі шаралардың қатарына жатпайды. Себебі екінші деңгейлі банктердің кәсіпорындарға несие бере алатын ресурстық базасы бар. Сәуірдің соңында банктердегі салым мөлшері 19,1 трлн теңгеге жетті. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 6%-ға, былтырғыдан 14,6%-ға көп. Ал экономикаға берілген несие көлемі сәуірде 14,1 трлн болды. Яғни қарыз көлемі жыл басынан бері 1,4%-ға, былтырдан бері 11,8%-ға өсті деген сөз. Осылайша еліміздегі банктер дағдарысқа қарамастан бұрынғы позициясын сақтап қалды. 

Еске сала кетсек, сәуірдің қорытындысы бойынша карантиндік шараларға байланысты еліміздегі іскерлік белсенділік индексі өте төмен деңгейге, яғни 37,2-ге дейін түсіп кеткен еді. Бұл тенденция экономиканың барлық секторында байқалды. Әсіресе қызмет көрсету саласы қатты зардап шекті. Дегенмен, ескере кету керек, ҚР-ның іскерлік белсенділік индексі АҚШ, Ресей, Канада, Германия, Бразилия сияқты елдердегіден әлдеқайда жоғары.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу