Бұл туралы Пәкістанның теміржол министрі Мұхаммад Ханиф Аббаси хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жүк пойызы Халықаралық "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізінің (INSTC) шығыс тармағы арқылы Иран, Түрікменстан және Қазақстан арқылы өтеді.
Жалпы маршруттың ұзындығы шамамен 8000 шақырымды құрайды, ал жолға кететін уақыт 20-25 күнді құрайды.
Иранның Захедан қаласында теміржол табанының әртүрлілігіне байланысты құрам ауыстырылады. Одан әрі жүк Түрікменстанның Серахс қаласы арқылы, Қазақстанның Болашақ – Ақтау көлік дәлізімен жүріп өтіп, Атырау арқылы Ресейдің Астрахань қаласына жеткізіледі.
Бірінші кезеңде 15-16 контейнермен шамамен 500 тонна жүк тасымалдау жоспарланған. Пәкістаннан Ресейге былғары бұйымдар, тоқыма өнімдері мен медициналық құрал-жабдықтар экспортталады. Кері бағытта тыңайтқыштар, бидай және мұнай өнімдері жеткізіледі.
Бұл жаңа маршрут елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, Қазақстанның өңірлік көлік торабындағы рөлін арттырады деп күтілуде.