Парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек – Президент

103

Қазақстан – жауапкершілігі жоғары "орта держава" және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі ірі мемлекеттердің бірі. 

Парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек – Президент Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президенттің сөзінше, аталған келісімнің мән-мағынасын түсіну үшін оның атауына назар аудару маңызды. Авраам (Ибраһим) – иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар екенін атап өткен Мемлекет басшысы Қазақстанның бүкіл адамзатты біріктіретін ортақ құндылықтарды қолдайтынын жеткізді.

"Еліміз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық пен өзара түсіністік орнағанын қалайды. Осы келісімге қосылуымыздың мән-мағынасы да осында. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық беделіне оң серпін береді", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан – жауапкершілігі жоғары "орта держава" және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі ірі мемлекеттердің бірі.

"Біз баршаға түсінікті, ақылға қонымды әрі әділ саясатты жақтаймыз. Сыртқы саясаттағы барлық іс-әрекетіміз бір ғана мақсатты көздейді – Қазақстанның аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету", – деді Мемлекет басшысы.

Президент үшін Тәуелсіздік ең басты құндылық екенін ерекше атап өтті.

"Мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Бұл – мерейтойлық ұран емес, қазіргі алмағайып заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім", – деді ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елдің болашағына қатысты ойымен бөлісті.

"Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз керек. Бұл мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты әрі дана халық екенімізді көрсетуіміз қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "тарихи жарақат алған ұлт психологиясынан" арылудың маңызын да атап өтті.

"Басқа түскен қайғы-қасіретті өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ауыр тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – өткенмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу