Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған халықаралық көрме ашылды

112

Шара ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтіп жатыр. 

Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған халықаралық көрме ашылды Фото: бейнежазбадан

Франция астанасы Парижде қазақ музыкасының біртуар тұлғасы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған "Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы" атты халықаралық көрме ашылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, көрмеге композиторға қатысты 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында Тілендиевтің қолжазба партитуралары, сирек кездесетін фотосуреттері, жеке пайдаланған заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан әйгілі "Дариға домбырасы" бар. Айта кетейік, дәл осы Жұбанов бала Нұрғисаның музыкаға бет бұруына ықпал еткен тұлғалардың бірі.

Алты тақырыптық бөлімнен тұратын экспозиция композитор шығармашылығының әр қырын ашып, қазақ музыкасының терең тамыры мен бай болмысын паш етеді.

Көрменің ашылу рәсіміне ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйым өкілдері, француз жұртшылығы мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов бұл көрмені түркі руханияты мен қазақ музыкасына көрсетілген жоғары құрмет, жаһандық деңгейде танылудың айқын дәлелі деп бағалады.

Жоба Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Іс-шараға Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры да атсалысты. Көрменің басты мақсаты – Нұрғиса Тілендиевтің бай мұрасын халықаралық аудиторияға таныстыру және қазақтың төл музыкасын жаһандық мәдени кеңістікке шығару.

Нұрғиса Тілендиев – 500-ден астам музыкалық шығарманың авторы. Ол 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде бас дирижер қызметін атқарып, кейіннен өзі құрған "Отырар сазы" оркестрінің көркемдік жетекшісі болды.

Көрме 2025 жылдың 19 маусымына дейін ЮНЕСКО ғимаратында жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу