Парламент палаталарының бірлескен отырысында тиімсіз жұмсалған әрбір тиын есепке салынды

953

Парламент палаталарының бірлескен отырысында тиімсіз жұмсалған әрбір тиын есепке салынды

Елімізде не себепті жұмыссыздық деңгейі төмендемей отыр? Бизнеске қандай жеңілдіктер жасалады?Кеше парламент қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар осындай мәселелер көтерді. Өткен жылғы бюджеттің атқарылу жөніндегі үкіметтің есебін тыңдады.

Былтыр 36  млрд теңге игерілмеген. Осыған алаңдаған мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев тиімсіз жұмсалған әрбір тиынды есепке салды. Бірқатар былықтың бетін ашты.

"2016 жылы шығыстар бойынша 146 млрд пайдаланылмай қалды. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдар 36 млрд теңгені игермеді. Квазимемлекеттік субъектілердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында жыл соңында республикалық бюджеттен бөлінген 113 млрд теңге игерілмей қалып қойған. Жинақтай келгенде 359,4 млрд теңге экономикамызға жұмыс істемей, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатыспай, өзіндік мультипликативті тиімділікті бермеді", - деді ол.

Омархан Өксікбаев бұл олқылықтарды айта келе, шетелдік шоттарда 3 триллионға жуық теңгенің кері қайтпай отырғанын да тілге тиек етті. Бұл қаражаттың жартысынан көбі 2 жылдан бері сонда жатыр. Депутаттың сын-ескертпесін әріптесі жалғады. Сенатор Людмила Полторабатько "Самұрық Қазына" мен "Бәйтерек" холдингі тоқырауға ұшыраған "Қазинвестбанк" пен дефольт жариялаған "Дельта банкке" депозитке қаржы салғанын жеткізді. Сөйтіп қыруар қаражаттың есебін сұрады.

Бұдан бөлек, депутаттар: "Самұрық-Қазына" мемлекеттік тапсырыстарға тендер өткізбей-ақ бір мекемемен келісімшарт жасасқан", – деп сынады. Алайда қор басшысы елімізде басқа баламасы жоқ кәсіпорындардың өнімдерін ғана осы жолмен алғандарын жеткізді. "Қажет болса, қағаздарды көрсетіп, дәлелдеуге дайынбыз", – деді.

Халық қалаулылары елімізде жұмыссыздық деңгейінің төмендемей отырғанына да алаңдаушылық білдірді. Бұл мақсатта қыруар қаржы бөлініп жатса да, нақты нәтиже жоқ. Баяғы жартас, сол жартас деп отыр.

Бұдан бөлек, бірлескен отырыста 3 ауысымды мектептер санының азаймай отырғандығы сөз болды. Жыл басында 87 білім ордасы осы тізімге енген. Бұл мәселені шешу үшін 47 білім ошағы салыныпты. Алайда жыл соңында анықталған мұндай мектептердің саны 60-тан асты. Осындай бірқатар олқылықты жіпке тізген депутаттар үкіметке бұл мәселелерге мән беруді ескертті. Отырыс соңында парламенттің қос палатасы өткен жылғы бюджеттің атқарылу жөніндегі үкіметтің есебін бекітті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу