Сенатор Амангелді Есбай өзінің депутаттық сауалында психологтар мен коучтардың қызметіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Оның айтуынша, психологиялық көмек саласында тиісті заңнамалық және кәсіби бақылаудың болмауына байланысты салалық білімі мен біліктілігі жоқ адамдар көбейді және өздерін психолог немесе коуч деп атап, емін-еркін жұмыс істеп жатыр.
Сенатор көптеген адамдар мұндай "мамандардың" жеке өмірге араласуы, құпия ақпараттың таралуы, эмоционалдық және отбасылық күйзеліске душар болғаны хабарлағанын атап өтті. Әсіресе, қысқа мерзімді курстар ұйымдастыратын және оны бітіргеннен кейін қатысушыларға сертификат беретін топтар ерекше алаңдаушылық туғызады. Депутат олардың жұмыс әдісінің ғылыми негізіне күмән келтірді және олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетіндігін баса айтты.
Сонымен қатар, олардың кейбіреулері діни-сенім қағидаларын өзінше жорамалдап, жалған түсінік қалыптастырып, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік туғызуда, дейді ол.
"Мысалы, отбасылық кеңес беруді сылтауратып, "жұбайыңызды қалай өзгертуге болады", "баланы басқару әдістері", "ажырасу – жаңа өмірдің басы" секілді радикалды көзқарасты насихаттаушы мамандардың әсерінен айрандай ұйып отырған қаншама отбасының шаңырағы шайқалды. Көптеген жағдайда бала тәрбиесіне қатысты теріс нұсқаулар беріліп, эмоциялық зорлық-зомбылық элементтері кеңес формасында ұсынылады. Мұндай кеңестердің нәтижесінде ата-аналар мен балалар арасында сенім жоғалып, психологиялық жарақат пен жанұялық байланыстардың үзілуі жиілеп отыр. Сонымен қатар, "бизнес бастаймыз", "қаржылық еркіндікке жетелейміз", "сананы бағдарламалау арқылы миллионер боласың" деген ұранмен жалған коучтар азаматтарды несиелер алуға итермелеуде", – деп атап өтті Сенат депутаты.
Ол көптеген адамның қаржылық күйзеліске ұшырап, қарызға батып, жеке өміріне, отбасына кері әсерін тигізіп жатыр деген пікірде.
"Қазақстанда жеке практикамен айналысатын психологтар мен коучерлердің нақты саны белгісіз, себебі бірыңғай тіркеу немесе лицензиялау жүйесі жоқ. "Психолог" немесе "коуч" атауын мамандыққа сәйкес келмейтін, қысқа мерзімді курстан өткен адамдар да еркін қолдана алуда. Құпиялылықты сақтау, клиентке зиян келтіру, эмоционалдық манипуляция жасау секілді теріс тәжірибелерге қатысты нақты жауапкершілік тетіктері белгіленбеген", – деді Амангелді Есбай.
Сенатор сонымен қатар олардың қызметі құқықтық аясынан тыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Заң қабылдау, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізу, психологтар мен коучтердің бірыңғай ұлттық реестрін құру және Этикалық кодекс және құпиялылықты сақтау талаптарын заңдастыру арқылы клиенттің жеке деректерін қорғау, ақпаратты рұқсатсыз жарияламау міндеттерін құқықтық жауапкершілікпен бекітудіұсынамыз. Психологиялық және коучинг қызметінен түсетін кірістер бүгінгі таңда нақты есепке алынбайды, қолма-қол немесе мобильді төлемдер арқылы алынатын табыс жиі декларацияланбайды", - деді сенатор.