Парламент Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржы министрі Мәди Такиев "2025 жылғы республикалық бюджет туралы" Үкіметтің есебі, Парламент палаталарында қаралып, талқыланғанын атап өтті.
"Үкіметтің басты басымдықтары өзгермеді. Бұл – сапалы экономикалық өсім, азаматтардың табысын арттыру, мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, экономика 6,5 % өсіп, құндық мәнде жалпы ішкі өнімнің ұлғаюы 14,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5% құраған еді. Бұл ретте инфляция 12,3% (пайыз) деңгейінде қалыптасты", – деді ведомство басшысы.
Оның сөзінше, орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды.
"Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі, шамамен 30 пайыздан асып тұр, бұл Орталық Азиядағы жоғары көрсеткіш. Мақсат – әлемдік орташа көрсеткішке, – 40 пайызға жету. Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін Кешенді шараларды әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған", – деп атап өтті министр.
Мәди Такиев мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұрғанын мәлімдеді. Жыл қорытындысы бойынша ол жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызын немесе 36,4 трлн теңгені құраған. Ұлттық қордың активтері өткен жылдың соңында 73,8 млрд долларға жеткен. Соның ішінде 63,9 млрд доллары – валюталық қордың активтері.