Парламенттің соңғы бірлескен отырысы: депутаттар жұмысын қорытындылады

212

Халық қалаулары көптеген заңға бастамашылық етті.

Парламенттің соңғы бірлескен отырысы: депутаттар жұмысын қорытындылады Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаттары жұмыс нәтижесін қорытындылап, тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әріптестеріммен бірге 20-дан астам заңның авторы болдым. Мыңнан астам түзетулерді беріп, олар қабылданды. Бірақ, әрине, кейбір бастамалар әлі де іске асқан жоқ. Өйткені Үкіметтің өзінің жеке позициясы болды. Соның ішінде, мысалы, жерлеу рәсімдерін реттеу бойынша бастама болды. Өйткені санитарлық талаптар бар, жалпы жергілікті әкімдіктерге тиісті құзыреттілік беру мәселесі бар, абаттандыру мәселесі бар. Бұл заң жобасы бойынша әлі біз бұл мәселені аяқтаған жоқпыз. Екіншіден, саяжайлар бойынша бізде заң жобасы болған. Олардың жұмысын реттеу бойынша біраз мәселелер көтеріп, заң жобасын дайындадық. Ол әлі де қарастырылуда. Құрылтай бұл жұмысты жалғастырады деп сенемін. Бұған қоса, балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануы бойынша бастаманы көтергенмін. Мұнда ата-аналардың қамқорлығы мен бақылауы керек деген сияқты. Бұл жұмыс та әлі де соңына жеткен жоқ. Сонымен қатар материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша біз арнайы заң жобасын дайындадық, Үкіметтің мәселені қазіргі заңнаманың ішінде қарастырайық деген ұстанымы болды", – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, Парламенттік сессия кезінде бірқатар маңызды заңдар қабылданды.

"Партияға күні бүгін кіргенім жоқ. Шілде айында "Әділет" партиясы құрамына қабылдаса, соған кіру ойымда, жоспарымда бар. Басқа партиялардан ресми шақыру болған жоқ. Өзім көтерген жақсы бірқатар заңдар бар. Шешімін тапқаны да, шешімін таппағаны да бар. Енді шешімін таппай, Құрылтайдың еншісіне қалып жатқан заң – жеке детективтік қызмет туралы заң. Бұл келгеннен бастап, өз қолыммен жазған, үш жыл бойы арпалысып Мәжіліске әрең алып келген заңым еді. Өкінішке қарай, қабылданып үлгере алмады. Ал қабылданған заңдардың ішінде қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы заңдар, оның ішінде сталкинг, дропперлік сияқты цифрлық қылмыстарды алдын алу мақсатында жаңа баптарды батыл енгіздік. Былтырғы да, биылғы да амнистия, яғни рақымшылық жасау туралы заңдар түгелдей өз қолымнан шыққан заңдар деп айта аламын", – деді Абзал Құспан.

Депутат Айдос Сарым қос палаталы Парламенттің соңғы құрамының жұмысын қорытындылады.

"Үлкен заңдар қабылданды. Бюджет кодексі, Су кодексі, Орман кодексі, Құрылыс кодексі сияқты құжаттар бар. Конституциялық комиссияның жұмысына қатыстық. Белсенді жұмыс істедік", – деді Мәжіліс депутаты.

Ал олардың әріптесі Айдарбек Қожаназаров тілшілердің "алдағы сайлауға дайындықтарыңыз қалай?" деген сауалына жауап берді.

"Үлкен өзгеріс болады деп сенімдіміз. Біз өзіміздің санымызды арттырғымыз келеді. Менің ойымша, осы үш жылдың ішінде біз өзіміздің жұмысымызды сайлаушылардың алдында дәлелдедік. Сондықтан да біздің санымыз көбейеді, бұл бірінші. Екіншіден, көтерген мәселелеріміз де көбейеді. Мәселен, біз алтау ғанамыз. (...) Мен 96 депутаттық сауал жолдадым. Сауалдар әртүрлі саланы қамтыды. Гендерлік тепе-теңдік біздің партиямызда бүгінде бар. Қарайтын болсақ, біздің алты депутаттың үшеуі әйелдер болса, қалған үшеуі ер адамдар. Келесі сайлауда Құрылтайға біздің қанша адамымыз өтсе де, тең жартысы ер кісі, ал қалғаны әйелдер болады", – деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Айта кету керек, бұған дейін Парламенттің бірлескен отырысы басталғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу