Отырыста министрліктің өкілдері жас ғалымдарға Астана мен Алматы қалаларынан пәтерлер берілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның хабарлауынша, жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл шара олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға және жас кадрларды ғылым саласында тұрақтандыруға бағытталған.
Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған 2023–2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асыру жалғасып келеді. Бағдарлама Ғылым және жоғары білім министрлігі мен "Отбасы банк" АҚ арасында 2023 жылғы 19 қазанда жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында іске асырылып жатыр.
"Жас ғалымдарды тұрғын үймен қолдау – жас кадрлардың кәсіби және әлеуметтік дамуына жағдай жасауға, сондай-ақ Қазақстандағы ғылыми қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған ғылым саласындағы мемлекеттік саясат тетіктерінің бірі", – делінген хабарламада.
Биыл 4 жас ғалымға пәтер сертификаты табыс етілді. Бұл баспана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым саласын дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес берілді.