Бас Прокурордың тапсырмасымен Бас көлік прокуроры Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау барысымен танысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жобаны іске асыруға прокуратура органдары заңсыз иемденілген активтерді қайтару арқылы қалыптастырған.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Реконструкцияны 2026 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
Жоспарлы жұмыстың негізгі түрлеріне мыналар жатады:
- Ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін реконструкциялау және кеңейту;
- Бұру-қозғалу жолы мен перронды жаңарту;
- Энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту;
- Периметрі бойынша жарықпен сигнал беру жабдықтары мен бейнебақылау жүйесін орнату.
Мердігер ұйымға, тапсырыс берушіге және техникалық қадағалау қызметіне жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын, еңбекті қорғау мен экологиялық заңнама талаптарының қатаң сақталуын, сондай-ақ бөлінген мемлекеттік қаражаттың заңды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілді.
Реконструкциядан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артып, қызмет көрсету сапасы мен жолаушыларға арналған жайлылық деңгейі артады. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларына тұрақты рейстер жаңартылып, Шымкент, Ақтау, Ташкент, Новосібір, Омбы қалаларына рейстер ашу жоспарланып отыр.