Павлодар билігі жаңа шағын аудан салудан бас тартпақ емес

Бұған дейін прокуратура жобаның заңсыз жасалғанын мәлімдеген еді.  

Павлодар билігі жаңа шағын аудан салудан бас тартпақ емес Фото: Павлодар қаласының әкімдігі

Павлодар қаласының аумағы Ертіс өзенімен және өндірістік орындармен шектеулі. Сондықтан тұтас тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар кешенін салатын мүмкіндік жоқ. Соған қарамастан, жергілікті билік осыдан төрт жыл бұрын өндірістік аймаққа жақын аумақта шағын аудан салуды ойластырған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Алайда кеше Павлодар облысының прокуратурасы шағын ауданның егжей-тегжейлі жобалау жоспары сәулет және жер заңнамаларына қарама-қайшы жасалғанын алға тартып, оны заңсыз деп таныды. Сөйтіп, бұған дейінгі акттің күшін жойды. 

Дей тұрғанмен, Павлодар қаласы әкімдігінің бұған қатысты көзқарасы бөлек. 2020 жылы Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысымен Торговая, Космонавтов және Нефтехим жолы аумағының егжей-тегжейлі жобалау жоспары дайындалды. 2022 жылы демеушілік қаржы есебінен бұл жоспар түзетіліп, бекітіліпті. 

"Жобаны жасаушы "ГеоДатаПлюс" ЖШС "Жастар" шағын ауданын кешенді түрде тексеріп, экологиялық зерттеу де жүргізді. Нәтижесінде бұл шағын ауданның аумағы санитарлық және экологиялық талаптарды бұзбайды деген байлам жасалды. Одан бөлек, санитарлық қорғау аймағын сақтау үшін арнайы есептер жүргізілді. Бүгінде оның көлемі 1000 метрден асады. Сонымен қатар, "Жастар" шағын ауданының аумағында 10 мыңға жуық әр түрлі көшет отырғызылды", - дейді Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Шалқымбаев. 

Павлодар қаласының қазіргі бас жоспарына сәйкес, салынуы жоспарланған шағын ауданның негізгі бөлігі тұрғын үй және қоғамдық құрылыс нысандарын дамытуға арналған аумақ қорына жатады. Дей тұрғанмен, өндірістік умақтардың функционалдық аймағын да қамтып отыр. Сол себепті Павлодар қаласының әкімдігі осы айдың басында егжей-тегжейлі жобалау жоспарына енгізілген түзетулерді бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл шешім қаланың бас жоспарына түзетулер енгізілгенге дейін ғана қабылданып отыр. Яғни, алдымен қаланың бас жоспары, одан соң "Жастар" шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспары қабылданады. 

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бас жоспарда бой көтеруі көзделіп отырған шағын аудан, ондағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар қамтылған. Яғни, "Жастар" ауданы қалай болғанда да салынады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу