Павлодар көшелеріндегі жарнама мәтіндерінен қате тапқандар марапатталды

1251

Көшедегі қателер бойынша акцияға 140-тан астам фото келіп түскен.

Павлодар көшелеріндегі жарнама мәтіндерінен қате тапқандар марапатталды

Павлодарда көшедегі жарнама мәтіндерінен қателерді табуға арналған "Қала келбеті" акциясы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Акцияны Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында өткізді. Көшедегі қателер бойынша акцияға 140-тан астам фото келіп түскен.

"Шараның негізгі мақсаты облыс көшелеріндегі жарнама мәтіндерін орналастыруда ҚР "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу, облыс тұрғындарының белсенділігін арттыру болды. Акция талаптарына сәйкес облыстың кез-келген азаматы қатысып, 2019 жылғы 1-20 наурыз аралығында  қала көшелерінде орналасқан ресімделуі заңнамаларға сәйкес келмейтін немесе қателері бар жарнама өнімдерін фотосуретке түсіріп, басқармаға ұсынды. Жалпы, акцияға онға жуық адам қатысты", – деді басқарманың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Самат Кушмағұлов.  

Шараның қорытындысы бойынша белсенді 5 қатысушыға басқарманың алғыс хаттары мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Акция бойынша ең көбі С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Досжан Мұратбек 47 фото жіберген. Самат Кушмағұлов бұл қателермен ар қарай жұмыс жасап, мекемелерге барып түсіндірме жұмысын жүргізетіндіктерін айтты.

"Қате жарнама иелеріне заң үзінділерін таратамыз. Қателердің көбісі н-ң, к-қ әріптерінен кеткен. Бұрын қате жарнама жасағандар қатесін түзетуге міндетті болатын. Бұл заң 2018 жылы мамыр айынан бастап алынып тасталды. Қазір біз тек қана кеңес, нұсқау береміз. Алайда, көпшілігі ауыстырады", – деді бөлім басшысы.  

Айта кетейік, бұл акция 4-5 жылдың көлемінде дәстүрлі түрде жылына бір рет өткізіліп келеді. Алғашқы жылдары 400 фото түскен. Кейін 300, 200-ге түсіп, жыл сайын азайып келеді. Өткен 2018 жылы жарнама қателері бойынша 200-ге жуық фото түскен болса, оның 80-90 пайызы түзетілген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу