Павлодар-құс" ЖШС жұмыртқа өндіруді төрт есе арттырады

1047

Павлодар-құс" ЖШС жұмыртқа өндіруді төрт есе арттырады

Павлодар қаласына іргелес орналасқан Жетекші кентіндегі "Павлодар-құс" ЖШС алдағы уақытта тың жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бүгін парламент мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, Қазақстан кәсіпкер әйелдері одағының төрайымы Меруерт Қазбекова аталмыш кәсіпорында болып, фабриканың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Кәсіпорын басшысы Ербол Досыбаевтың айтуынша, жоспарға алынған жаңа инвестициялық жобаның берері мол.

"Біздің өзіміздің заманауи неміс құралдарымен жабдықталған құрама азық шығаратын зауытымыз бар, - дейді Ербол Досыбаев. - Кезінде құс фабрикасымен қатар іске қосқан болатынбыз. Құстың өсуі мен жұмыртқа беруі қоспа жемге байланысты. Сондықтан жем үшін сатып алынатын шикізат толығымен зертханада тексеруден өтеді. Бүгінгі таңда 120 мың жұмыртқа өндіріледі. Биыл күзге қарай бұл көрсеткішті 500 мыңға дейін жеткізу ойда бар. Балапанның жетіліп, жұмыртқа беруі үшін 120-150 күн қажет. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асырылуда".
Өңірлерді аралауға шыққан Меруерт Қазбекова құс фабрикасының жұмысына көңілі толатынын жеткізді.

"Бизнесменнің өз ісін кеңейтіп отырғаны көрініп тұр. Бүгінгі таңда кәсіпкер азықты сырттан сатып алмайды, өзінің жеке диірмен кешені бар. Бұған қоса, құстың саңғырығын да пайдаға жаратып, тыңайтқыш ретінде қолдана бастаған. Демек, экологияның ластануына жол берілмейді. Бұл құс өсірушілердің басты мәселесі. Мұнда жұмыс істейтінің 25 адамның басым бөлігін әйелдер құрайды. Бұл жағдай да өте қуантады. "Павлодар-құс" өңір тұрғындарын ешбір химиялық қоспасыз өніммен қамтамасыз етіп отыр", - дейді депутат.

Айта кетерлігі, жобалық қуаттылығы 600 мың құсты ұстауға мүмкіндік беретін фабрика 2013 жылы  басталған. Бүгінде кәсіпорында технологиялық процесс толығымен автоматтандырылып, неміс елінің әлемге танымал Specht компаниясының құрал-жабдығы орнатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу