Павлодар облысы биыл 200 мыңнан астам туристі қабылдауға дайын

650

Алайда алдымен бірқатар инженерлік мәселені шешу керек. 

Павлодар облысы биыл 200 мыңнан астам туристі қабылдауға дайын

Өткен жылы Павлодар облысының туристік аймақтарында 130 мыңға жуық адам демалды. Олардың 56 мыңнан астамы уақытын Баянауыл баурайында өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, биыл карантин талаптары жеңілдетілген соң демалушылар саны да артуы тиіс. Нақтысын айтқанда, жергілікті билік 200 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлап отыр. Олар Баянауылдағы Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерінде, Шарбақты ауданындағы Маралды көлі мен Аққулыдағы тұзқалада демала алады. Осы сенбі күні Баянауылдағы 46 демалыс үйі ресми түрде туристік маусымды ашады. Мұнда біруақытта 4700 адамды қабылдауға мүмкіндік бар.

Биыл алғаш рет Жасыбай жағасында дәріхана ашылды. Бұған дейін демалушылар дәрі-дәрмек алатын орын болған емес. Сондай-ақ, Жасыбай-Павлодар, Жасыбай-Қарағанды бағыттарында қатынайтын автобустардың билетін сататын вокзал өз жұмысын бастады. Бұл көлдің жағасында 40 киіз үйден құрылған этноауыл да облыс тұрғындары мен қонақтарын қабылдайтын болады.

Туризм саласында кәсіп бастаған бизнес өкілдерін қолдаудың жаңа тетігі де қарастырылды. Биылдан бастап ерлерге, әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеке санитарлық-гигиеналық тораптарды орналастырған кәсіпкерлерге 83 300 теңге көлемінде субсидия қарастырылмақ. Алайда Баянауылдағы мұндай 10 тораптың барлығы осыдан екі жыл бұрын салынғандықтан, олар демеуқаржы алатын кәсіпкерлердің қатарына қосылмай қалды. Сондықтан жергілікті әкімдік құзырлы министрлікке жақында салынған тораптардың иелеріне де субсидия беру туралы ұсыныс хат жолдады.

Баянауылдағы туристік аймақтардағы тағы бір басты мәселе – аудан орталығындағы кәріз жүйесі толуға жақын. Көлдердің жағаларындағы демалыс үйлерінен шыққан қалдық суды қазіргі кәріз жүйесі арқылы сыртқа шығару қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан жаңасын салу керек.

"Торайғыр мен Жасыбай көлдерінің жағасындағы демалыс үйлері Баянауыл ауылындағы орталық кәріз жүйесіне қосылған. Бірақ ол ауылдағы тұрғындардың өзіне әрең қызмет көрсетеді. Сондықтан курорттық орындарға жеке жүйе салған жөн болар еді", - дейді Баянауыл ауданының әкімі Серік Батырғожинов.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бұл мәселені әлі де саралап, ауданның тау-тасты жерде орналасқанын ескеру керек екенін айтты.

Сонымен қатар, Жасыбай көліне апаратын кіреберіс жолды жөндеу қарастырылып отыр. Оған 605 млн теңге керек. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу