Павлодар облысында 1981 жылы салынған Ақсу-2 станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан елдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Қайта жаңғырту барысында вокзал ғимараты толық жаңартылды. Шатыры мен қасбеті түгел ауыстырылып, ішкі бөлмелерге әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ инженерлік коммуникациялар, атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылыту жүйелері жаңғыртылды. Электр және әлсіз ток желілері де жаңартылды.
Вокзал маңындағы аумақты абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Ғимарат айналасындағы кеңістікті ретке келтіру бойынша қажетті жұмыстар атқарылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Ақсу-2 станциясының вокзалы II типке жатады. Станция арқылы сегіз жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Ақсу қаласын Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Өскемен және Маңғыстау бағыттарымен байланыстырады.
Вокзалдың қайта жаңғыртылуы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін неғұрлым жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.