Павлодар облысында 2020 жылы жөндеуден өткен стадион құлап жатыр

324

Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ.

Павлодар облысында 2020 жылы жөндеуден өткен стадион құлап жатыр Фото: голос народа

Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұқаралық спортты дамыту секторындағы проблемаларға тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

"Республикада балалар мен жасөспірімдердің 800-ден астам клубы жұмыс істейді. Балаларға арналған спорт секцияларының саны артып келеді. Бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселе шешімін тапқан жоқ", - деді Үкімет басшысы.

Ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана саладағы проблемалар бойынша халықтан көп шағым түсетіні анықталды, деп жалғастырды ол.

"Жергілікті билік тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге тиісті деңгейде әрекет жасамайды. Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы  Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл нысан жарамсыз болып қалды десе де болады: Футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен. Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір  вахталық кентінде спорт залы қирап қалды. Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ", - деп атап өтті ол.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, ірі қалаларда әлі де көп. 

Бұдан бөлек салада дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді.

"Сонымен қатар жұртшылық елордадағы Ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне наразы. Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар жасап келеміз, алайда кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ", - деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу