Павлодар облысында 58 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр

Бұл ауылдарда 10 мыңнан астам адам тұрады.  

Павлодар облысында 58 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында төтенше жағдай қызметінің мамандары күшейтілген режимге көшіп, қарғын су мен өзен-көлдер суы ауылдарды баспау үшін алдын алу шараларының қамына кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Биыл өңірде жыл басынан бері жауын-шашын көп түсті. Айталық, жылдық норма 64 мм болса, өткен екі айдың ішінде 103 мм жауды. Сондықтан қардағы ылғал жоғары болып, топырақтың қату деңгейі де артты. Оған қоса, біресе қар, біресе жаңбыр жаууы салдарынан қалыңдығы 22 мм-ге дейін жететін мұз қатты. Мұның барлығы қар суының еруіне кедергісін келтіруі мүмкін. 

Жалпы, облыс аумағында қарғын су еріп, өзен-көл суы көтерілген кезде бірнеше ауылға қауіп төнуі мүмкін. 

"Бүгінде ойлы жерлерде орналасқан 58 елді мекенді бақылауға алдық. Оның ішінде 28 ауылда қар еруінің, тағы 28 елді мекенде су босату кезеңінде өзен су деңгейінің көтерілуі салдарынан қауіп жоғары болып тұр. Гидротехникалық құрылыстар ақау шыққан кезде тағы екі ауыл тәуекелді аймақтар қатарына енеді", – дейді Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов. 

"Қазгидромет" филиалының көпжылдық гидрологиялық бақылаулары, жауын-шашын көлемі және топырақтың қату тереңдігі туралы деректеріне сәйкес өңір аумағы жоғары, орташа және төмен тәуекел санаттарына бөлінген. Қазіргі таңда қауіпті сейілту үшін елді мекендер ішінен қар шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қыс басталғалы өңірден барлығы 1,1 млн текше метр қар шығарылды. 

Жедел әрекет ету үшін 1 871 адам, 769 инженерлік және арнайы техника, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа жұмылдырылған топ құрылды. Сонымен қатар, құм салынған 47 мың қап, 53,7 мың тонна инертті материал, 155 тонна жанар-жағармай  дайындалды. 

Департамент төтенше жағдай бола қалған жағдайда 22 мыңнан астам адамды орналастыруға арналған 60 эвакуациялық пункт қарастырылғанын да хабарлады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу