Павлодар облысында 8 мыңға жуық тұрғын тіркелген ауруханасын ауыстырды

Көпшіліктің таңдауы жекеменшік емдеу орындарына түсті. 

Павлодар облысында 8 мыңға жуық тұрғын тіркелген ауруханасын ауыстырды Фото: inbusiness.kz

Жыл сайын елімізде 15 қазан мен 15 қараша аралығында емханаларға тіркелуі науқаны жүреді. Биылғы кампания аясында 7715 тұрғын бұған дейін қаралып келген медициналық мекемесін ауыстыруды ұйғарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Мұқышеваның айтуынша, осы жылы тіркеу науқанына өңірдегі 33 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы қатысты. Бұл ретте тұрғындардың дені "Евразия" және "Медикер" жекеменшік емханаларының дәрігерлеріне баруды құп көрді. Ал жалпы тіркелген тұрғындар саны бойынша №1 қалалық емхана әлі де көш бастап тұр. Мұнда 67 мыңнан астам адам тіркелген. 

"Өткен жылы дәл осындай кампания барысында 3328 адам емдеу мекемесін ауыстырған болатын. Биыл олардың саны бірден екі есе көбейді. Кейбір емханаларда 300 және одан да көп адам тіркелсе, енді біріне 15-40 адам жазылды", - дейді Айгүл Мұқышева. 

Ал міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Нұрлан Қасымов дәрігерлер тұрғындарға тек емдеу мекемесінде емес, үйлеріне барып та қызмет көрсетуі тиіс екенін еске салды. Өкінішке қарай, осындай тіркеу науқаны барысында кейбір медициналық мекемелер келісімшартта "Үйге барып, денсаулығыңызды қарамаймыз" деген шарт қоятын көрінеді. 

"Бұл – дұрыс емес. Себебі МӘМС қоры едициналық мекемеде тіркеуде тұрған әр адамға 1363 теңгелік тариф бойынша қаржы аударады. Бұл сома емхана мен үйге шақыртуға бірдей төленеді. Пандемия кезінде инфекциялық сырқаттарға шалдыққан науқастардың емханаға бармай, дәрігерді үйге шақыруының тиімділігі зор екенін байқадық. Бұл тәжірибе қазір де жалғасуы тиіс", - дейді Нұрлан Қасымов. 

Айта кетейік, биыл облыстық денсаулық сақтау жүйесінің жалпы бюджеті 77,4 млрд теңгені құрады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 32,2 млрд теңге бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға көп. 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу