Павлодар облысында "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 2026 жылы электрмен жабдықтау нысандарын жаңғырту бойынша 9 жоба іске асырылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық жоба шеңберінде әуе және кабельді электр беру желілерін реконструкциялау, электрмен жабдықтаудың жаңа желілерін салу, трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту, сондай-ақ заманауи тарату инфрақұрылымын құру көзделген. Барлығы 49 км астам электр желісі жаңартылады, 7 трансформаторлық шағын станция қайта жаңартылады, Ақсу мен Майқайыңда 13 жаңа жиынтық трансформаторлық шағын станция салынады, сондай-ақ кернеуі 35 кВ жаңа электр беру желілерінің құрылысы бойынша жобалар іске асырылады. Барлық жобаны іске асыру барысында қолданылатын материалдар мен жабдықтардың 100 пайыз отандық (қазақстандық) болуы қарастырылған.
Сондай-ақ, Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында тұрмыстық тұтынушыларға электр энергиясын есепке алудың дәлдігі мен тұтынудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін (электр қуатын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі) функциясы бар 205 415 дана есептегіш құралдарын орнату; Павлодар қаласының желілерін автоматтандыру және "Центральная – Городская" жабық цифрлық қосалқы станциясын салу жоспарлануда.
Басты нысандардың бірі – Павлодардағы "Лесозавод" ауданын электр қуатымен қамтамасыз ететін "Западная-Городская" қосалқы станциясының №306 фидерлі 10 кВ әуе электр желісін қайта құру жұмысы болып отыр.
Желінің бұл бөлігі 1998 жылдан бері пайдаланылып келеді. Жұмыс істеген жылдар ішінде желінің тозу деңгейі 70%-ға жеткен, ал оған қосылған алты трансформаторлық қосалқы станция 100%-ға тозған. Тек соңғы үш жылдың ішінде бұл жерде 20 рет технологиялық үзіліс (жарық өшуі) болды.
Бұл желі аудандағы 1,1 мыңнан астам тұрғынды және 68 заңды тұлғаны электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ жабдықтардың тым қатты тозуына байланысты тұрғындар жарықтың жиі өшуіне тап болып келді. Сонымен қатар, бұл желінің жұмысына қаланы тіршілікпен қамтамасыз ететін маңызды нысандар, соның ішінде Төтенше жағдайлар басқармасы, құтқару қызметі, өрт сөндіру бөлімі және кәріз сорғы станциясы тәуелді.
Жоба аясында 6,8 шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады. Жоба электр берудiң авариялық желiлерiн бөлшектеудi, жаңа әуе және кәбiл желiлерiн салуды, қазiргi заманғы өздiгiнен тасымалданатын үлкен қималы оқшауланған сымдарды қолдануды, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станцияларды ауыстыруды көздейдi. Әуе желілерінің бір бөлігі жер астына көшіріледі, бұл тұрғындардың қауіпсіздігін және ауданды электрмен жабдықтаудың тиімділігін арттырады.
"Бұл желі өз ресурстарын сарқып, мүмкіндіктер шегінде жұмыс істеді. Соның салдарынан "Лесозавод" аумағының тұрғындары үнемі жарықсыз қалып отырды, ал қаланың жедел қызметтері қауіп-қатер аймағында болды. Ұлттық жоба аясында біз бұл фидерді толығымен қайта құрып жатырмыз. Жабдықтарды кешенді ауыстыру арқасында біз осы учаскедегі желілік инфрақұрылымды іс жүзінде толығымен жаңартамыз. Біз тек жергілікті зақымдануларды жойып қана қоймай, өткізу қабілетін 3,6-дан 5,37 МВт-қа дейін арттыра отырып, жаңа, сенімді инфрақұрылым құрып жатырмыз", – деді "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ бас директоры Олег Щемель.
Барлық жоба аяқталған соң Павлодар облысының елді мекендерін электрмен жабдықтау тиімділігі едәуір артады, апаттық жағдайда ажыратулар саны қысқарады және тұрғын үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін қуат резерві құрылады.
Нысанның негізгі бөлігін 2026 жылдың қазан-қараша айлары аралығында аяқтау жоспарланған.