Павлодар облысында бірнеше мешіттің құрылысы тоқтап тұр

Діни ғимараттарды қолдайтын демеуші жоқ.

Павлодар облысында бірнеше мешіттің құрылысы тоқтап тұр

Павлодар облысында 100-ден астам мешіт бар. Қазіргі уақытта тағы 14 мешіт пен бір шіркеу салынуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алайда діни мекемелердің құрылысына мемлекет тарапынан қаражат қарастырылмайды. Бұл – ауыл азаматтарының өздері қолға алатын іс. Кейбір елді мекендерде жекелеген кәсіпкерлер бастаған құрылыс орта жолда тоқтап тұр.  

Мәселен, Ертіс ауданындағы Үлгілі ауылында мешіттің құрылысы басталғалы 6-7 жылдың жүзі болды. Қаржының жоқтығы қолбайлау болып, ғимарат пайдалануға берілген жоқ. Дәл осы аудандағы Қараөткел ауылында да осыдан бірнеше жыл бұрын меценаттың бастамасымен іргетасы қаланған мешіт ғимаратының құрылысы аяқсыз қалды. Бас демеуші өмірден өткен соң оның бастамасын жалғастыратын адам табылмай отыр.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Дәулет Зәкәрияновтың айтуынша, мешіт салмас бұрын барлық жағдайды егжей-тегжейлі саралап алған дұрыс.

"Жоғарыда аталған Үлгілі ауылында 150-ге жуық, Қараөткелде 40-тан астам ғана адам тұрады. Облыс орталығынан шалғай орналасқан бұл елді мекендерде тұрғындар аз. Демек, мешітке келушілердің қарасы да қалың болмайды. Сондықтан құрылыс аяқталған күннің өзінде оны күтіп-ұстау, күзету, қызметкерлердің ақысын төлеу қиындық тудырады. Әрине, мешіттің құрылысын қолға алу, оны қаржыландыру – игі іс. Алайда арғы жағын да ойластыру керек", дейді Дәулет Зәкәриянов.

Сонымен қатар басқарманың басшысы мектептерде діни киім киетін оқушыларға қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, жаңа оқу жылы басталған тұста Павлодар қаласындағы №30 мектепте білім алатын оқушы қыздың ата-анасы балалары оқу орнына хиджаб киіп баруы керек деген талап қойған. Мұғалімдер ата-анамен сөйлесіп, ортақ тіл табысудың амалдарын қарастыруда.

"Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы бұйрығында мектеп формасына қойылар талаптар анық көрсетілген. Мектепте орамал тағып, хиджаб киюге тыйым салынған. Сабақтан кейінгі уақытта діни көзқарастарға байланысты орамал тағуына еш шектеу жоқ. Егер ата-аналардың көзқарастары үшін баласы білім алу мүмкіндігінен айырылса, оларға қатысты әкімшілік шара қолданылуы мүмкін. Тіпті ата-ана құқығынан айырылуы ықтимал", – дейді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу