Павлодар облысында 19 маусымда жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен қатты желдің салдары әлі де байқалуда. Дауыл тағы бір тұрғынның өмірін жалмады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Екібастұз қаласындағы жеке үйлердің бірінде тұратын 76 жастағы әйел адамның үстіне өз ауласы маңындағы ағаш құлаған. Зейнеткер түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
"19 маусым күні Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасы 76 жастағы тұрғынды жеткізді. Зардап шеккен науқастың сөзінше, оның үстіне жеке үйінің ауласындағы ағаш құлаған. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылды", – деп түсіндірді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлер зейнеткердің өміріне бір аптаға жуық уақыт бойы араша түсуге тырысқанымен, өмірін сақтап қала алмады. Әйел адам ауруханада көз жұмды. Ағаштың құлауынан алған дене жарақаттарымен қатар, бұрыннан қант диабеті, жүрек ауруымен ауыруы да кері әсерін тигізді, дейді дәрігерлер.
Айта кетейік, дүлей дауыл болған күні көлікте келе жатқан Ақсу қаласының 57 жастағы тұрғынының үстіне де ағаш құлаған болатын. Бұтасы кеудесіне қадалып, сол жерде жан тапсырды.
Жалпы, бұл күні 16 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның үшеуі – бала. Бүгінде зардап шеккендердің барлығы аурудан айығып, үйге жіберілді.