Соңғы уақытта қылмыскерлер де жаһандану заманына сай әрекет етіп, "құрбандарын" алыстан іздейтін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Айталық, бұған дейін көпшілік орындардағы ұрлық-қарлық, тонау фактілері жиілеп кездессе, енді алаяқтық, оның ішінде интернет арқылы алдап-арбау күрт көбейді.
Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің сөзінше, былтыр тонау шамамен 40%-ға, ұрлық 20%-ға, қоғамдық орындардағы қылмыстар 10%-ға азайды.
Сол сияқты қалта ұрлығы 4 есе қысқарған. Есесіне алаяқтық 30%-ға, интернет-алаяқтық 50%-ға өсті.
"Бұл қылмыстың түрін өзгертіп жатқанын көрсетеді. Ол бұрынғыдай көшелерде жасалатын қылмыстан телефондарға, мессенджерлерге және банк қосымшаларына ауысты. Бұл – бүгінгі құқық қорғау органдары үшін басты сын-қатер. Қылмыскерлер үшін телефон, интернет болса жеткілікті. Кейін психиологиялық қысым көрсетіп, "банк атынан", "полициядан", "қауіпсіздік қызметінен", "туыстардан" қоңырау шалады. Адамдарды қорқытады, асықтырады, күйзеліске түсіреді. Өкінішке қарай, соның салдарынан арбауға түсіп, алданып жатқан азаматтар бар", – деп атап өтті Болат Нұрсейітов.
Ал көздегенін телефон тұтқасының ар жағынан істеген адамды табу оңай емес. Кейбір жәбірленушілердің араға уақыт салып, тіпті кейде жарты жылдан соң ғана полиция органдарына хабарлауы жағдайды одан әрі қиындата түсетін көрінеді.
Бұл ретте тәртіп сақшылары таяуда сатып алынған жаңа бағдарламалық жүйеге зор сенім артып отыр. Ол киберполицияға интернет арқылы жасалған қылмыстардың бетін уақыт оздырмай ашуға көмектесуі тиіс.
Сонымен қатар, полиция өкілдері аналитикалық жұмысты күшейтіп, банктермен өзара әрекеттесуді нығайтуға көңіл бөлуде. Басты қорғаныс – азаматтардың хабардарлығы. Сондықтан ешбір банк немесе полиция қызметкері кодтар мен ақша аударымын талап етпейтінін тағы бір мәрте еске салды.