Павлодар облысында қарғын судың беті қайтар емес

Мұндағы республикалық жолдағы қозғалыс шектелді. 

Павлодар облысында қарғын судың беті қайтар емес Фото: Валерий Бугаев

Соңғы бір аптада еріген қар суы мен өзендерден судың көтерілуі Павлодар облысының жұртшылығын да алаңдатып отыр. Мұндағы 20-ға жуық үйді су басса, әр түрлі маңыздағы жолды шайып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін еріген қар суы облыстың оңтүстігіндегі елді мекендерге қауіп төндірген еді. Мұндағы Ертіс, Ақтоғай аудандарындағы бірнеше ауылдағы баспанаға су кіріп, тұрғындарға үйін тастап, туыстарын паналауға тура келді. Тіпті, жағдайды реттеу үшін "Атамекен-Ертіс-Русская поляна" республикалық маңызы бар автокөлік жолының учаскесінде қозғалыс жабылды. Мамандар мұнда су тасқынына қарсы шараларды қолға алды. Әйтпегенде, іргедегі Ұзынсу ауылын су басуы әбден мүмкін.

Оған қоса, енді жағдай солтүстіктегі Железин және Тереңкөл аудандарында ушыға бастады. Топан судың алдын алу үшін елді мекендерден еріген қар суын бұру бойынша бөгеттер толықтырылып, арықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

"Облыс бойынша 7 автожол учаскесі, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс–шаралар жүргізіліп жатқан елді мекендердің 8 учаскесі бақылауда. Олар – Ақтоғай, Тереңкөл, Ертіс, Шарбақты аудандарындағы аумақтар. Қардың еруі, қатты нөсер жаңбырдың салдарынан қазіргі уақытта Ақтоғай, Шарбақты және Ертіс аудандарындағы 18 тұрғын үй су астында қалды. Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылында су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар Жалаулы ауылында да жалғасуда. Барлық жұмыс кезеңінде 1100 қапшық төселді, 270 тонна инертті материал әкелінді және төгілді, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорылды", - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Асқарбек Омаров.

Жалпы, облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 350 адам, 137 техника, 39 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу