Павлодар облысында спорттық секцияларды қаржыландыруға 218 млн теңге бөлінді

863

Бірақ мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлер аз. 

Павлодар облысында спорттық секцияларды қаржыландыруға 218 млн теңге бөлінді

Биылдан бастап елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту саласына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілгені белгілі. Басқаша айтсақ, спорттық секциялардың дені ата-аналар үшін тегін болуы тиіс, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Алайда Павлодар облысында бұл бағыттағы жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Кәсіпқой спортқа қарастырылған қомақты қаржыдан 218 млн теңге жан басына шаққандағы қаржыландыруға бағытталғанмен, мемлекеттік-спорттық тапсырыс аясында ашылған үйірмелер аз.

Облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәуір Ерғабұловтың айтуына қарағанда, әзірге 16 спорт түрі бойынша 29 қызмет көрсетушімен ғана келісім жасалды.

"Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасының нәтижесінде 17 жасқа дейінгі 4 мың жеткіншек спорттық секцияларға қатыса алады. Бүгінгі күні  балалар мен жасөспірімдерге 2850 жолдама берілді",– дейді Дәуір Ерғабұлов.

Салыстырмалы түрде қарар болсақ, облыс орталығында аталмыш бағдарлама аясында 23 спорттық секция ашылды. Екібастұз қаласындағы үш спорттық үйірме 480 адамды қамтиды. Кеншілер шаһарында балалар футбол және таэквандомен айналыса алады. Ал 45 мың тұрғыны бар Ақсу қаласындағы қаржыландырудың жаңа тетігі арқылы іске қосылған бірде-бір орталық жоқ.

"Қазіргі уақытта кәсіпкерлермен, жаттықтырушылармен спорттың 5 түрі бойынша секциялар ашу үшін келіссөздер жүргізілуде. Соның нәтижесінде 150 жеткіншек спортпен тегін айналысатын болады",– дейді Ақсу қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Әбілқалықов.

Облыста осы бағыттағы жұмысты жандандырып, қаржыландыру көлемін арттыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша, келесі жылы жан басына шаққандағы мемлекеттік тапсырыс аясында кемінде 1 млрд теңге бөлінеді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу