Павлодар облысында сүт фермасына жер заңсыз берілген

441

Жер инспекциясы, 5 жыл бұрын инвесторға берілген жердің кей учаскелері бойынша заң бұзушылық болғанын анықтады.

Павлодар облысында сүт фермасына жер заңсыз берілген Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы Ребровка мен Қаракөл ауылы тұрғындарының мал өрісінен айырылып қалғаны туралы бір апта бұрын көрсеткенбіз. Ол кезде осы мәселеге қатысты сот процесі жүріп жатқан. Облыстық сот жайылымды жердің инвесторға заңсыз берілгенін растады. Енді, халықтың жері өздеріне қайтарыла ма? 

Павлодар облысындағы қоңсы қонған Ребровка мен Қаракөл елді мекендерінің жайылымдық жерін, 2018 жылы Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі жеке инвесторға беріп қояды. Тек, төрт жылдан кейін жер иесі ол аумақты игере бастады. Күзде болашақ сүт фермасының қадасы қағылған. Биыл, ауыл тұрғындары малдарын өріске шығара алмай қалды. Жер иеленуші төңіректі түгелдей жыртып, қазып тастаған. 

"Мал бағатын жер жоқ жер тар, екі жақтан қысып жатыр. Ребровка, Қаракөл Қамзин. Қамзин малшылары біздің жерге келеді негізі, Қаракөлдікі де бізге келеді. Ең көп жер Ребровкада болып тұр ғой. Сол енді бізде жер жоқ бағатын былай айтқанда. Мал шығарайық десек мал шығатын жер жоқ", - дейді Ребровка ауылының тұрғыны Кебек Рахымханов.

Тұрғындар ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты жер ресурстарын басқару департаментіне шағым түсірген. Соның негізінде тексеру жүргізген жер инспекциясы, 5 жыл бұрын инвесторға берілген жердің кей учаскелері бойынша заң бұзушылық болғанын анықтады. Әйтсе де, Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімі инспекцияның қорытындысымен келіспей сотқа берген. Десе де, фемида бұл жолы халықтың пайдасына шешім шығарды.

"Бірінші соттың инстанциясында сот шешімі біз жаққа шешілді. Кешегі таңда облыстық сотта да біздің тексерісті дұрыс деп таныды. Біздің тексерістің нәтижесінде "Кронос-Павлодар" ЖШС берілген жер учаскесі заңсыз деп танылды" - деді Жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Марат Шәмшиденов.

Бес жыл бұрын инвесторға ауыл маңынан бірнеше жер телімі берілген екен. Тұрғындар соның барлығын тексеруді талап етіп, облыс орталығындағы инспекцияға жиылды. Оның үстіне, жығылған күреске тоймайды демекші, Ақсудың жер қатынастары бөлімі Жоғары сотқа шағым түсіргелі жатыр. Инвестордың да өңірде ықпалды тұлға екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті, мемлекет басшысынан көмек сұрауда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу