Күз келген тұста суық тиіп, тұмауратқан тұрғындар қатары күрт көбейетіні белгілі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін жергілікті емханалар екпенің ірі партиясын сатып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, емдеу ұйымдарына 80 мың доза вакцина алынды. Ол ауруды жұқтыру қаупі жоғары топтарға салынбақ. Яғни, балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар науқастар мен басқа да бір топ тұрғындар екпені тегін түрде ала алады. Сол арқылы өңір тұрғындарының 12%-ын қамту жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр аймақта тұмауға қарсы екпенің 90 мың дозасы сатып алынған болатын.
Ал сырқат күрт ушыққан жағдайда Павлодар, Екібастұз қалалары мен аудандарда қосымша 300 төсек орын қарастырылады. Сондай-ақ, емханалар вирусқа қарсы препараттар, бетперделер мен дезинфекциялау құралдарымен толығымен қамтылды.
Сонымен қатар, өңірде емханаларға тіркеу кампаниясы жүріп жатыр. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі Айгүл Әбілхасанның айтуынша, тұрғындар 1 қарашаға дейін қалаған емханасына ауыса алады. Ол үшін электронды үкімет порталы арқылы тиісті өтініш беруі тиіс. Ескерер жайт, бір учаскеге тіркелген адамдар саны 1700-ден аспау керек. Егер өтінішті нормативтен асатын учаскеге берсеңіз, емхана тіркеуге алудан бас тартуы мүмкін.